Денсаулық сақтау

СҚО-да 4 жасөспірім қыз түсік жасатқан

Солтүстік Қазақстан облысында халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау апталығы бастау алды. Ол жоспарланбаған жүктіліктің, түсік жасаудың, түрлі инфекциялардың алдын алуды және жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беруді қамтиды. Қазір аймақта 18 бен 49 жас аралығындағы 123 мыңға жуық әйел тұрады. Оның жартысына жуығы түрлі аурулар бойынша есепке алынған.

ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы:

– 2 880 азаматша жүктілік бойынша диспансерлік есепте тұр. Өкінішке қарай, әйелдердің 52% экстрагениталды патология бар. Ал 25 нәзікжандыны тұрақты негізде бақылаймыз. Себебі, жүктілік олардың өміріне кері әсер етеді. Жасөспірім қыздармен де жұмыс жүргізіледі. Бүгінде аймақтағы 11 мыңға тарта қыз түрлі аурулар бойынша есепте тұр.

Жасөспірім қыздардың түсік жасауы – қоғамды алаңдатарлық мәселе. Мұндай жайт біздің аймақта тіркеліп тұрады. Биылдың өзінде алды-артын ойламаған бірнеше қыз дәрігерлерге жүгінген.

ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы:

– Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде өңірімізде 4 қыз медициналық түсік жасатты. Ал былтыр дәрігерлерге 14 жасөсіпірім жүгінген. Бұл бағытта алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Маңызды іске білім басқармасы қол ұшын созады.

“Аңсаған сәби” бағдарламасын көпшілік біледі. Игі жоба бастау алғалы бері аймаққа 608 квота бөлінген. Оның 194-і оң нәтиже беріпті. Тіпті, 25 егіз бала дүниеге келген.

ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы:

– Бұл өте жақсы көрсеткіш деп айта аламын. Арамызда 8-10 жылдан бері сәби сүйе алмаған жұптар бар. Міне, сондай ерлі-зайыптыларға бағдарлама үміт отын жағады. Квота тегін беріледі. Бағдарлама бойынша штаттан тыс репродуктолог жұмыс істейді. Яғни, мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі.

Халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау апталығы маусымның 30 жұлдызына дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін облыстың әрбір емханасында профилактикалық тексерулер, скринингтер жүргізіледі, ақыл-кеңес беріледі.