Мәдениет

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры 25-ші маусымды қорытындылады

Сапалы қойылымдар мен әртүрлі премьералардың ошағы. Өткен жұманың кешінде қаладағы әсем ғимараттардың бірі саналатын С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы 25-ші маусымды салтанатты түрде жапты. Айтулы оқиғаға орай өнерсүйер қауымға үздік қойылымдардың бірі – “Сараң” ұсынылды.

Бұл туындының премьерасы болған кезде зал адамға лық толған еді. Жұма күні де жиналғандардың қарасы аз болмады. Арасында театрдың табалдырығын алғаш рет аттап тұрған жастар да бар.

СӘУЛЕ БАЙМҰРАТОВА, қала тұрғыны:

– Бүгін мен театрға алғаш рет келіп тұрмын. Қойылым қызық болады де ойлаймын. Спектакль туралы әлеуметтік желіден байқап қалдым.

Бірде-бір спектакльді қалт жібермейтін тұрақты көрермендер де жоқ емес. Соның бірі – Самрат Құскенов.

САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, қала тұрғыны:

– Өз басым театрға жиі келемін. Әр спектакль жадымда сақталады. Кейбір әртістердің еңбегіне көңілім толады. Толмай қалған жағдайда өнерпаздың өзіне жеткізуге әзірмін. Себебі, сын айтылмай мін түзелмейді. Ал театрдың дамуы, жандануы көрермен қауымның қолында деп ойлаймын.

Дулат Ташкеннің мәдениет ошағында қызмет етіп келе жатқанына 14 жылдың жүзі болған. “Қызығы мен шыжығы қатар жүретін саланың берері мол”,- дейді актер.

ДУЛАТ ТАШКЕН, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– 14 жылдың ішінде қаншама рөлде ойнадым. Арасында өзіме ұнайтын керемет рөлдерім бар. Қазір соларды қарап отырып, уақыттың зулап өтіп жатқанына таң қалам. Бұның өзі тарих қой. Біздің театарға келген әр режиссермен жұмыс істеп қалуға тырысамын. Әр режисер арқылы түрлі қырыңнан ашыла бастайсың.

Өнерсүйер қауыммен театр ұжымы келесі маусымда жүздеседі. Нақтырақ айтсақ, шымылдық күзде ашылмақ. Сахна саңлақтары көрерменнің көңілінен шығу үшін тынбай еңбек етуге әзір.

 

Ақжүніс Мұқатай