Sailau banner

Қоғам

Петропавлда Халықаралық Олимпиада күні 10 бала дүниеге келген

23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. Біреу білсе, біреу білмес, бұл датада шыр етіп өмір есігін ашқан сәби мен өміріндегі ең жауапты міндетті орындаған ананы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті жылда құттықтайды. Кеше облыстық перинаталдық орталықта 10 бала туған. Шақалақтар ертең ел намысын қорғасын деген тілекпен перзентханада көтеріңкі көңілдегі шара өтті.

Қала тұрғыны Дарья Островная көптен күткен алғашқы сәбиін кеше қолына алған. Қыз баланың бойы – 50 см, ал салмағы – 2 келі 850 грамм.

ДАРЬЯ ОСТРОВНАЯ, қала тұрғыны:

– Кеше мен үшін өте бақытты күн болды. Армандаған алғашқы сәбиімді дүниеге әкелдім. Өте қуаныштымын. Перинаталдық орталыққа алғысым шексіз. Босануға көмектескен дәрігерлерге рахмет айтамын.

Кеше өмірге келген 10 шақалақтың 5-еуі қыз болса, 5-еуі ұл бала. Оларды дүниеге әкелген аналарға сәбилерге қажет заттар сыйланып, ізгі тілектер айтылды.

НАТАЛЬЯ САЛОХИНА, көпбейінді облыстық аурухана неонатология блогының жетекшісі:

– Біз мұндай айтулы күнді назарсыз қалдыра алмадық. Негізі, Халықаралық Олимпиада күні 1948 жылы бекітілген. Осымен 4-ші жыл қатарынан маусымның 23 күні босанған аналар құрметке бөленеді. Бүгін азаматшалар денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сертификатымен марапатталды және сыйлықтар берілді.

Жалпы, жыл басталғалы бері облыста 2 мыңнан астам бала өмірге келген.

 

Ақжүніс Мұқатай