Білім

Облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовке құрмет көрсетілді

Өңірімізде Жарасбай Сүлейменовты білмейтін жан кемде-кем. Өз ісінің шебері журналистика саласында талай жыл тер төгіп, бірсыпыра шәкірт тәрбиеледі, 30-дан астам кітапты жарыққа шығарды. Ол өзекті туындыларымен оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алды. Бүгінде облыстың құрметті азаматы 75 жасқа толғалы отыр. Осыған орай жергілікті университет қабырғасында “Азамат. Қайраткер. Қаламгер” атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Талантты жерлесімізді құттықтауға достары мен шәкірттері келген.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:

– Өмірде болып жатқан құбылыстар жайлы түрлі шығармалар жаздым. Менің жақсы көретін жанрым – азаматтардың келбетін сомдау.

Аталған жиында қаламгердің жарты ғасырлық еңбекжолы баяндалды. Жерлесіміздің табаны талай жерге тиген, ауқымды іс атқарылған. Осысымен Жарасбай Сүлейменов елге сыйлы. Шара барысында ел ағасына Манаш Қозыбаев атындағы медаль табысталып, иығына шапан жабылды.

ЖАНАР ТАЛАСПАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің Басқарма Төрағасы-Ректор кеңесшісі:

– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – республикамыздың мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқан жанның шығармашылығын келешек ұрпаққа көрсету. Өз басым қаламгердің барлық мерейтойларына қатысып келе жатырмын.

Жарасбай Сүлейменов – білімі мен біліктілігі мол жан. Алдағы уақытта ол жастарға бағыт-бағдар беріп, қолдауын аямайтынын айтты. Таяу арада ұлағатты ұстаздың 5 томдық кітабы жарық көрмек.