Денсаулық сақтау

Облыста аутизм орталығына оқуға түсу үшін 253 бала кезекте тұр

Өңірдегі аутизм орталығында әлі де кезек мәселесі өзекті болып қала бермек. Орталық былтардан екі ауысымда жұмыс істей бастағанына қарамастан әлі де 253 бала мамандандырылған психологиялық-педагогикалық қолдауға мұқтаж. Жалпы, аймақта 723 бала аутизммен ауырады. Инклюзивті қоғам құру мәселесі «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафинаның сөзінше, жылдың соңында «Береке» шағын ауданында салынып жатқан №2 арнайы мектеп-интернат қолданысқа берілгеннен кейін сол жерде де аутизм орталығын ашу жоспарланып отыр.

ДИНАРА АНАФИНА, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Мүгедектерге арналған көтергіш сатыны орнатуға қорытынды алынды. Сондай-ақ 3-қабатта 570 шаршы метр аумақ анықталды. Балалармен 17 маман айналысатын болады. Олар бір лекте 50 баланы қамти алады. Орталыққа жыл сайын 43 млн теңге қарастырылған. Оның ашылуымен біз кезек мәселесін түбегейлі шешеміз.

Кеңес барысында мүгедек адамдарға арналған нысандарды бейімдеу, оларды жұмысқа орналастыру және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Берескаяның айтуынша, 2027 жылға дейін ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін 773 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік органдар және басқа да объектілерді бейімдеу жоспарланып отыр. Осы жылдың басынан бастап 201 мүгедек жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, 50 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, өз істерін ашты. Айта кетейік, осы жазда халықтың әлеуметтік осал топтарынан 16 644 бала сауықтыру мен демалыстың барлық түрлерімен қамтылған. Олардың қатарында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен мүгедек жандар бар.

 

Гүлден Сембаева