Sailau banner

Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшыларының төл мерекесіне арналған салтанатты іс-шара

23-ші маусым – күн-түн демей қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген полицейлердің кәсіби мерекесі. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театрында салтанатты шара өтті. Мерекелік басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысып, өңірлік тәртіп сақшыларды төл мерекелерімен құттықтады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Сіздерді өңір басшысының атынан төл меркекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өз қызметтеріңізді абыроймен атқаруларынызға тілектеспін. Ел тыныштығын сақтап жүргендеріңіз үшін өз алғысымды білдіремін.

Мерекелік іс-шарада қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста табысқа қол жеткізген бірқатар азамат марапатталды. Олардың қатарында Асылбек Тоқтамысов та бар. Оған бүгін полковник шені берілді.

АСЫЛБЕК ТОҚТАМЫСОВ, қалалық ПБ бастығының орынбасары:

– Барлығына жұмыста табыс тілеймін. 2006 жылдан бері жұмыс істеймін. Атқарған жұмысымның бағаланып жатқанына дән ризамын. Су тасқыны кезінде біздің қызметкерлер 24 сағат жұмыс істеді десем артық айтқаным емес.

Сонымен қатар, басқосуда ел қорғандарына облыс әкімінің атынан 41 су жаңа автокөлік кілті табысталды. Бұл темір тұлпарлардың қиындығы мол қызметте зор көмегі тиері айдан анық.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, қалалық ПБ бастығы:

– Басқармаға 16 “Shevrolet Cobalt” автокөлігі берілді. Бұл біз үшін ауадай қажет. Осы арқылы патрульдік қызметкерлерімізге жұмыс істеу оңай болады. Барлығы бізде 700-ден астам адам жұмыс істейді. Күн-түн демей халық тыныштығын сақтау үшін жұмыстар жүргіземіз.

Қазіргі таңда облысымызда 3 мыңға жуық полицей қызмет етеді. Бүгін оның 32-сі түрлі марапатқа ие болды. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.