Қазақстан жаңалықтары

Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан экономикасының дамуына кедергі келтіретін факторларды атады

Депутат Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысы қойған экономиканың өсу қарқынына қол жеткізу үшін Үкіметтің қабылдаған шаралары туралы сұрады.

“Шынында да, Мемлекет басшысының алға қойған міндеті өте ауқымды. Мұндай өсу қарқынына жету бірнеше факторларға байланысты болуы мүмкін. Бұл күрделі геосаяси жағдай, біздің негізгі сауда серіктестеріміздің экономикасындағы жағдай және тағы басқалар”, – деді министрлер кабинетінің басшысы.

Олжас Бектенов Үкімет қолда бар резервтер мен күштерді жұмылдыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

“Қазірдің өзінде экономиканың кейбір салаларында өсу қарқыны жаман емес. Мысалы, құрылыс, көлік және байланыс саласында өсу қарқыны шамамен 8% құрайды. Сауда саласында көрсеткіштер төмен болып қалады. Бұған су тасқынының салдары әсер етті деп ойлаймыз. Бірақ қазір көрсеткіштер қалпына келе бастады. Біздің ойымызша, экономиканың кейбір салаларының өсу әлеуеті өте жоғары. Атап айтқанда, құрылыс, инфрақұрылым, өңдеу өндірісі және агроөнеркәсіп кешені”, – деп жауап берді премьер.