Sailau banner

Қоғам

Өңірде республикалық жолдар жөнделуде

Республикалық маңызы бар жолдар жөндеу көріп, асфальт төселуде. Өткен жылдың соңында Президенттің тапсырмасы аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевпен кездесуде өңірдегі барлық жолдарды ретке келтіру туралы келісімге қол қойды. Қазір “Жезқазған-Петропавл” автожолына орташа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оған жауапты мердігер- “Қызылжар Жолдары KZ” серіктестігі. “ҚАЗАВТОЖОЛ” АҚ облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин Есіл ауданына қарасты Николаевка мен Покровка маңында өңір басшысына атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді.

АҚЫЛБЕК ҚАБЫЛДИН, “ҚАЗАВТОЖОЛ” АҚ СҚОФ директоры:

– Биыл 281 км жолды қамтымақпыз. Оның 30,2 км-іне реконструкция жүргізілсе, 193 км-і орташа жөндеу көреді, ал күрделі жөндеу жұмысы Дәуіт пен Кішкенекөл ауылдары аралығындағы 57 шақырымды қамтиды. Биыл бастаған жол жөндеу жұмысын қыркүйек айында тәмамдаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Материал жеткілікті. Мердігерлер күніне орташа жөндеумен 1 км аралықты қамтиды. Бұл қарқын өңір басшысының көңілінен шықты. Биылғы жоба құны 20 млрд теңгені құрап отыр.

АҚЫЛБЕК ҚАБЫЛДИН, “ҚАЗАВТОЖОЛ” АҚ СҚОФ директоры:

– Өңірде екі жылда республикалық маңызы бар 385 жол жөнделмек. Оған 52 млрд теңге бағытталмақ.

 

Гүлден Сембаева