Экология

М.Жұмабаевқа арналған шағын архитектуралық мүсінге рең кірді

Бұл – Мағжан Жұмабаевтың құрметіне орнатылған шағын архитектуралық мүсін. Жұмабаев пен Партизан көшелерінің қиылысында тұрғаны нысанның бүгінде әжептәуір бояуы кетіп, реңсізденіпті. Оны байқаған белсенділер бірігіп, ақиық ақынның аты-жөні жазылған мүсінді қалпына келтіруге шықты.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» кеңесінің төрағасы:

– Мүсіннің ескіруіне табиғаттың да әсері бар шығар немесе дұрыс қаралмады ма екен. Соңғы кезде құтыда тұрған қауырсын қаламсап сыры өшіп, жазулары кете бастағаннан кейін, «AMANAT» партиясы жанындағы «Miras» кеңесінің мүшелері және “Жастар рухының” белсенділері бірігіп жұмысқа кірістік.

Игі істің басы-қасында жүргендердің дені – Мағжан сенген жас ұл-қыздар. Қолдарына қолғап киген белсенділер ауа райының ыстығына қарамай, жандарын салып жұмыс істеп жатыр. Арасында жергілікті білім ордасының 3-ші курс студенті Аяулым Ералхан да бар.

АЯУЛЫМ ЕРАЛХАН, волонтер:

– Осындай жұмыстар көптеп жүргізілсе, біздің еліміздің, қаламыздың көркеюіне көп пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

Жалпы, мүсінді сырлауға 5-6 құты сыр сатып алынған. Ал кранды қаладағы жарнама агенттіктерінің бірі берген. Мүсін шағын болғандықтан, партиялықтар жұмысты 2-3 сағаттың ішінде тындырып тастады.

 

Мәдина Қаби