Денсаулық сақтау

Қант диабетіне шалдыққан 4 науқасқа астаналық хирург бірегей ота жасады

Өңірге екі күндік жұмыс сапарымен алыс-жақын шетелдерде аса танымал дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Орал Оспанов келді. Ол көпбейінді облыстық аурухана қабырғасында қант диабеті алдындағы және осы дертке шалдыққан 4 науқасқа бірегей ота жасады. Астаналық профессор – асқазанған жасалатын операцияның авторы. Білікті маман саланы көп зерттеген. Соңында қазір шекара сыртында да қолданылып жүрген ең тиімді тәсілді алғаш тауыпты.

ОРАЛ ОСПАНОВ, хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы:

– Мен Берлинде, Германияда оқыдым. 2010 жылдан бастап асқазанға операция жасап келеміз. 2-3 жылдан кейін гастроэнтерологиялық шунттеуге көштік.

Қарапайым тілмен айтсақ, дәрігер бірегей тәсіл арқылы асқазанды айтарлықтай кішірейтеді. Нәтижесінде адам тамақ жеуін азайтады. Бұл қант диабетінен айығуға немесе аурудың алдын алуға алып келеді. Аталған дерт аса қауіпті. Сандарға сүйенсек, жылына 10 мың отандасымыз осы аурудан көз жұмады.

ОРАЛ ОСПАНОВ, хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы:

– Қазақстанда қант диабетімен ауыратын адамдардың саны артып келеді. Бүгінде халықтың 7 пайызы осы дертке шалдыққан. Біз жылына 300-дей операция жасаймыз.

Білікті маман науқастарға көмек қолын созып қана қойған жоқ, ол жергілікті дәрігерлердің тәжірибесін толықтырды. Талай жанға бақыт сыйлаған азаматтың айтқандарын, көрсеткенін жас хирург Нұрбол Зәмзәм ұйып тыңдаған, кірпік қақпай тамашалаған.

НҰРБОЛ ЗӘМЗӘМ, көпбейінді облыстық аурухананың хирург дәрігері:

– СҚО-да қант диабетімен ауыратын науқас саны көп. Операция өті тиімді. Өзіміз үйреніп, халыққа көмектессек дейміз. Шеберлік сабағына ауруханадағы барлық хирург қатысты.

Дәрігерлер арасында зор сый-құрметке ие Орал Оспановтың сапары мұнымен аяқталмайды. Ол енді еліміздің оңтүстігіне бағыт алып, әріптестеріне шеберлік сабағын өткізеді, науқастарға операция жасайды.

 

Байболат Құлтанов