Ауыл шаруашылығы

Егісті арамшөп пен зиянкестерден қорғау

Солтүстікқазақстандық диқандар егіс алқаптарын арамшөптен, зиянкестер мен түрлі аурудан қорғауға кірісті. Облыста 2024 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы аясында тиісті химиялық өңдеу жүргізуге 11,3 млрд теңге бағытталған. Қызылжар ауданындағы «Елім-Қызылжар» серіктестігінің мамандары алқаптарды өңдеу шараларына бірер күн бұрын кірісіпті. Жұмыс таң атқаннан кешке дейін жүргізіледі.

ОЛЕГ ИВАНОВ, «Елім-Қызылжар» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Бүгінге дейін жұмыстың 65 пайызы орындалды. Зиянкестерді жаз бойы улаймыз. Егіс алқабы 1200 гектарды құрайды. Биылғы көктемгі-дала жұмысы сәтті өтті. 9 дақыл түрін ектік. Техникамен де толық қамтамасыз етілгенбіз. Құрал-жабдықтардың барлығы дерлік жаңа. Сыйымдылығы 6 мың тонна болатын 2 көкөніс сақтау қоймасын салдық.

Биыл өңірде 3 млн гектардан астам жерде арамшөпке қарсы, 211 мыңнан астамында – зиянкестерге қарсы және 600 мың гектарға жуығында түрлі ауруға қарсы химиялық өңдеу жұмысы жүргізіледі.

 

Гүлден Сембаева