Экология

СҚО-да балық қорын көктемгі көбейту жұмысы аяқталды

Петропавл балық питомнигі облыста ғана емес, көршілес өңірлер мен елдерде де көпшілікке танымал. Мұндағы мамандар қармаққа түсетіннің түр-түрін өсірді. Өзен-көлдерге миллиондап жіберіп жүрді. Өкінішке қарай, өткен шақта сөйлеуге мәжбүрміз. Көктемде келген тасқын өндіріс ошағын толықтай басты. Қазір тарихы тереңде жатқан тұқымбақ жұмыс істемейді. Дегенмен, су айдыны мыңдап саналатын өңірімізде балық қорын көктемгі көбейту жұмысы ойдағыдай жүргізілді. Бұл маңызды іске кәсіпкерлер білек сыбана ат салысты.

“Табиғатты жан-тәнімен сүйетін адам кім?” десе, ойланбастан Вячеслав Смирнов деуге болады. Сұқ саусақпен көрсетіп, бас бармақпен баға берерліктей азамат Есіл ауданындағы 4 көлді жалға алған. Олардың бәріне үйдегі аквариум сияқты қарайды. Бұдан бөлек, 80-ге таяса да орда бұзар жігіттей қимылдайтын жерлесіміз аядай ғана тұқымбағында балықтың бірнеше түрін өсіреді. Кейін өз иелігіндегі көлдерге жібереді, іздеп келген әріптестеріне сатады. Міне, тұқының кезекті партиясы дайын. Көзге әрең көрінетін тіршілік иелері арнайы “қапқа” салынып, көлікке тиелді. Ат аялдататын ендігі жер – Камышное көлінің жағасы. Аса алыс емес. Темір тұлпар діттеген жерге сүт пісірім уақыт ішінде жеткізді. Артынша саланың жілігін шағып, майын ішкен азамат маңызды іске кірісті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Міне, көптен күткен жұмыс мәресіне жетті. Есіл ауданындағы Камышное көліне 6 күндік тұқы жіберілді. Олардың саны шамамен жарты миллионға жуықтайды. Балықтар су айдында 3-4 жыл өседі. Кейін көлді жалға алушы аулап, сатпақ ниетте. Айта кету керек, бұған дейін Камышноеға хлорелла өсімдігі жіберіліпті. Нәтижесінде су тазарған және көл тереңдей түскен.

Мұндай көлде балық жақсы өседі. Орта есеппен алсақ, бүгін жіберілген партияның 60-70 пайызы тіршілік етуін жалғастырады. “Бұл – көңіл көншітерлік көрсеткіш”, – дейді білікті кәсіпкер.

ВЯЧЕСЛАВ СМИРНОВ, көлді жалға алушы, Есіл ауданы:

– Балық қорын көбейту бойынша жоспарды толығымен орындадым десем болады. Негізі, тұқының негізгі партиясын көлге осыдан 1 ай бұрын жібергем. Бүгін азғантай бөлігі босатылып отыр. Балықтарды мұндай кезеңде көп ұстамаған абзал. Олар ыстыққа шыдамайды. Осыдан бірер күн бұрын тіркелген жоғары температура салдарынан тұқының кейбірі дамымай қалды.

Мұны Вячеслав Смирнов бес саусақтай біледі. Салада 20 жылдан бері тер төгіп келе жатқан азамат темірді әрдайым қызу кезінде соғады. Таяқ тастам жерде Кеңдікті деген көл бар. Сонда жерлесім балықтың 10-нан астам түрін өсірген. Таңдай қақтыратын жұмыс дегеніміз жөн.

ВЯЧЕСЛАВ СМИРНОВ, көлді жалға алушы, Есіл ауданы:

– Мен бәрін 2 колбадан бастадым. Уақыт өте қызығушылық артты. Тиісінше, өндіріс орным кеңейді, жабдықтармен толықты. Өкінішке қарай, 1 цехым толықтай жанып кетті. Барлығын қайтадан бастауға тура келді. Қазір тәжірибе жеткілікті. Құралдар да баршылық. Бірақ, физикалық тұрғыда шаршаймын. Салаға жастар көптеп тартылса деймін.

Теріскейлікті осы мәселе толғандырады. Ашығын айту керек, өңірдегі жеке кәсіпкерлер арасында балық өсіру жұмысы оң жолға қойылмаған. Аймақта бұл іспен Вячеслав Смирнов қана айналысады. Қалғандары тіршілік иелерін сатып алған.

ГРИГОРИЙ ПЕТРУШЕВСКИЙ, СҚО бойынша балық инспекциясының бас маманы:

– Облыста өзен-көлдерге балық жіберу ісі жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Жалға алушылар, табиғатты пайдаланушылар жер-жерден судағы тіршілік иелерін сатып алды. Қазақстандық, ресейлік тұқымбақтармен әріптестік орнатқанбыз. Бүгін сәуірде бастау алған көктемгі маусым өз мәресіне жетті. Енді күзгі кезеңге дайындаламыз. Мұнда да арнайы жоспарымыз бар.

Қоса кетейік, жалға алушыларға жақыннан дорбалауға мүмкіндік берген Петропавл балық питомнигінің болашағы белгісіз. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қаралмақ. Теріскейлік тауар өндірушілер өндіріс ошағы қайта жұмыс істейді деген үмітте.

 

Байболат Құлтанов