Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тимирязев ауданына барды

Тимирязев ауданындағы Дмитриевка ауылында 30 жыл күткен мәдени-сауықтыру орталығы ашылды. Елді мекенге жұмыс сапарымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барып қайтты. Мәдениет ошағының құрылысына “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 79 млн 540 мың теңгеден астам қаржы бөлінген. Ішінде спортты жанына серік еткен жандарға арналып тренажерлық зал ашылса, кітапсүйер қауым үшін кітапхана қарастырылған.

ТАЛҒАТ ЕСЛӘМОВ, Дмитриевка ауылдық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

– Шахмат және шашки ойнайтын бөлме ашылған. Конференция залы бар. Халыққа концерт қоя аламыз. Барлығы бар, алдағы уақытта тағы керекті заттарды алармыз. Осы ауылда 508 адам тұрады. Қарияларымыз келіп шахмат, шашки ойнаймыз деп отыр. Ауылымыздың тұрғындары белсенді.

Мәдени-сауықтыру орталығы елді мекенге көрік беріп тұр. Мұндай нысан Ақсуат пен Степное ауылдарында да бой көтерген. Аймақ басшысы су жаңа нысанның ішінде орналасқан бөлмелерді аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Ең бірінші ауыл
тарихы сақталған мұражайға бас сұқты.

Ал Ақжан ауылында «Райт А.А» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. 400 басқа арналған нысан келесі жылы қолданысқа тапсырылмақ. Жоба құны 1 млрд 645 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта мұнда 15 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын шетелден голштин тұқымды ірі қара әкелуді жоспарлап отыр.

ШАРҚАН ҚОНЫРАТБАЕВ, “Райт А.А” ЖШС директоры:

– Нысан құрылысына көкшетаулық мердігер жауапты. Іске 10 адам мен 6 техника жұмылдырылған. Жұмыс күші жеткілікті, құрылыс қарқыны жақсы. Серіктестік өкілінің айтуынша, материал да, қаржы да жеткілікті. Ақсуат ауылында «Қуанышбек және К» кәсіпорнына қарасты ұн және кебек өндіретін кешен салынған. Жоба қуаттылығы бір жылда 5 мың тоннадан астам ұн мен мың жарым тоннадан аса кебек шығаруға жетеді. Мұнда 20-ға жуық адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, кәсіпорын өкілдері еділбай қойы мен жәбе жылқысын өсірумен айналысады.
Екеуін қоса алғанда жалпы саны 1400-ге жуықтайды. Өңір басшысы елді мекеннің диқандарымен де жүздесті. Әр ауылда жауыр болған жол мәселесі бүгінде ауданда шешіліп келеді. Тимирязево ауылында ішкі жолдар жөнделіп жатыр. Биыл аудан орталығында ұзындығы шамамен 9 шақырым жол жөнделеді. Екі жылда 20-дан астам көше қамтылмақ. Сондай-ақ, Хмельницкое, Дружба ауылдарына апаратын жолдар да ретке келтірілмек. Тимирязево-Целинное-Докучаево, Ишимский-Ақсуат ауылдары арасындағы жол да жаңартылады. Биыл аудан жолына 1,8 млрд теңге қаржы бағытталыпты.

Ауылдықтар мемлекеттік көмек шараларын белсенді қолдануда. Тимирязев ауылының тұрғыны Назгүл Көбеева «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында азық-түлік дүкенін ашқан екен. Әзірге, мұнда 2 адам еңбек етеді.

НАЗГҮЛ КӨБЕЕВА, кәсіпкер, Тимирязев ауданы:

– Алдағы уақытта ауылда шәйхана немесе фасфуд орнын ашсам ба екен деп отырмын. Бір орында тұрмай әрі қарай өсе бергіміз келеді.

Сапар барысында өңір басшысы Тимирязев ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Москворецк ауылдық окруінің тұрғыны Анна Малькова осы аттас елді мекенде бақандай 55 жыл тұрып келеді. Айта-айта жауыр болған мәселе – нәзікжанды жол жағдайына тоқталды.

АННА МАЛЬКОВА, Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Тимирязево мен Сарыкөл ауылдары арасындағы республикалық маңызы бар жолдың жағдайы мүшкіл. Салдарынан көліктердің сау тамтығы қалмайды. Жол мәселесін шешуге ықпал етсеңіз.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қаузалған мәселелер ақ параққа түртілді. Алдағы уақытта шешімін таппақ. Қазір ауданда аурухана мен 5 бірдей мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, аудан орталығында алдағы уақытта орталық қазандық салынады. “Таза Қазақстан” акциясы аясында Тимирязев ауылының саябағында Ғауез Нұрмұхамбетов ардагерлер және жастармен бірлесіп ағаш отырғызды.

 

Гүлден Сембаева