Sailau banner

Қоғам

Жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

Бүгін таңертең екі қолға бір күрек іздеген жастар Оқушылар сарайына ағылды. Себебі, мұнда қалалық жастар ресурстық орталығы мен қоғамдық даму және ақпарат орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шараға өңір аудандарынан 20-ға жуық кадр іздеген ұйым келіп отыр.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық бастамаларды дамыту және ақпарат орталығының маманы:

– Жуырда ұл-қыздар оқуларын аяқтап, қолдарындағы дипломмен жұмыс іздеп жүр. Бос орындар жәрмеңкесі – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы көпір. Мұнда әртүрлі жастағы жастар қызықтырған жұмыс туралы ақпарат ала алады. Іс-шара әр тоқсан сайын ұйымдастырылады.

Бүгінгі жиында 200-ден астам жастың басын біріктіру көзделген. Оларға сан түрлі саладағы қызмет түрлері ұсынылып отыр. Кондитер, қаржыгер, экономист, электрик және тағы басқалары. Жұмыс іздеп келгендердің ішінде 18 жастағы Роман Шрам да бар.

РОМАН ШРАМ:

– Мұнда ұсынылып жатқан жұмыстардың жалақысы жақсы, талаптары да қиын емес. Өзім Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде оқимын. Бүгін бірнеше жұмыс ұсынып отырған бірнеше ұжыммен кездесіп, нөмірлерін алдым.

Нұржан Октябрь Есіл ауданына ұстаз бен дәрігер іздеп келген екен. Мұғалім Бұлақ пен Николаевка ауылдарына қажет болса, ақхалаттылар аудан орталығындағы емханада тапшы көрінеді.

НҰРЖАН ОКТЯБРЬ, Есіл аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Есіл ауданына метематика, информатика мен музыка пәнінің мұғалімдері және мейіраға мен ветеринарлық дәрігерлер керек. Қазір “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы жастар үй ала алады.

Кейін жұмыс іздеп келген жастар акт залына ығысты. Онда жастарға берілген мүмкіндіктер туралы кеңірек айтылды. Жалпы, жыл басталғалы бейінді орталықтарға 800-ден астам адам жүгініп, 600-і жұмысқа орналасуға мүмкіндік алыпты. Оның 200-і – қала тұрғындары.

 

Ақжүніс Мұқатай