ТЖ

Суға батып кеткен жасөспірім әлі табылған жоқ

Суға батып кеткен баланың денесі 5 күннен бері табылмай жатыр. “Неге?” деген сауал туындайды. Мамандар бірнеше себебін айтты. Бірінші, Есілдің ағысы қатты. Екіншіден, биылғы тасқын кезінде өзенге жан-жақтан лай су аққан. Салдарынан бірнеше метрге сүңгіген құтқарушылар судың астын анық көре алар емес.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД аға офицері:

– Сүңгуірлеріміз бар қиыншылыққа қарамастан жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Қолдан келетін шараның барлығын қолданып жатырмыз.

Жауапты іске ТЖД-нің 52 қызметкері, 5 техника мен 2 ұшқышсыз ұшатын аппарат тартылған. Заманауи құрылғының көмегімен төтеншеліктер адам бара алмайтын аймақтарды көре алады. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

Міне, қайғылы оқиға дәл осы жерде болды. 10 жасар бала достарымен ойнап жүріп, суға батып кетті. Мұндай сәтте ойыннан от шығады деген сөз еріксіз еске түседі.

Ұсынылған ақпарға сүйенсек, марқұм бала 2 құрдасы және інісімен Есілге барған. Ағысы қатты өзенде балалар тақтайға арқан байлап, бір-бірін итермелеп ойнаған. Осы сәтте Омар тұрған тақтайдағы арқан шешіліп кетіпті. Айта кету керек, облыста суға түсу маусымы басталғалы 3 жеткіншек батып кеткен.