ТЖ

Судағы қайғылы жайттың алдын алу – басты назарда

Судағы қауіпсіздікке қатысты жағдай өңірде де, ел бойынша да алаңдатарлық.
Мәселе тіпті кешке Үкімет отырысында талқыланды. Мамандарға нақты тапсырмалар берілді. Яғни, профилактикалық жұмыстарға екпін беру қажет. Су жағасын тексеру керек, демалушылар арасында рейд жүргізу қажет. Тіпті, суға түсуге рұқсат етілмеген орындарды да назарға алу туралы айтылды. Облыста суға түсу маусымы басталғалы 3 жеткіншек батып кеткен. Мамандар мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін жұмысты күшейтті.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД аға офицері:

– Осы уақытқа дейін 2 мыңдай үгіт-насихат жұмысын жүргіздік. 50 мыңнан астам материал таратылды. Білім ұяларында да ашық сабақ өткіздік.

Аталған жұмыстардың атқарылуына ұшқышсыз ұшатын аппараттың көмегі зор. Заманауи құрылғының көмегімен төтеншеліктер демалып жатқан жандарға қауіпсіздік ережесін еске салып, аумақты бақылайды.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД аға офицері:

– Құрылғының көмегі зор. Біз оны төбеге көтеріп, аудио хабарлама арқылы адамдарға барлығын түсіндіре аламыз.

Жалпы, облыста 60 өзен мен 2 мыңнан астам көл бар. Бірақ, шомылуға арналған 60-ақ орын белгіленген. Суға түсу маусымы басталғалы шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.