Спорт

Солтүстікқазақстандық спортшы муай-тайдан әлем чемпионы атанды

Маусымның бірінші онкүндігінде Грекияда муай-тайдан әлем чемпионаты өтті. Оған 70 мемлекеттен келген 800-ден астам спортшы қатысты. Сайыста ел намысын қорғағандардың ішінде солтүстікқазақстандық 3 муайтайшы болды. Соның бірі – Шәміл Ермағамбетов алтыннан алқа тағып, муай-тайдан екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Спортшы 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Финалдық кездесуде ресейлік қарсыласын жеңген.

ШӘМІЛ ЕРМАҒАМБЕТОВ, муай-тайдан екі дүркін әлем чемпионы:

– Мен әлем чемпионатына жыл сайын қатысамын. Қола, күміс секілді көптеген жүлдені қанжығама байладым. Бұл жарыс жоғары деңгейде әрі тартысты өтті. Қарсыластарым мықты болды. Бірақ, менің күшім басым түсті. Екінші жыл қатарынан алтын алып отырмын.

Шәміл Ермағамбетовтің спортқа келгеніне 10 жылға жуықтайды. Осы уақыт ішінде ол көптеген жетістіктерге жетті. Былтыр Тайландта өткен жарыста алғаш рет чемпион атанды.

РУСЛАН МОЛДЫБАЕВ, жаттықтырушы:

– Біз бұл сайысқа өте жоғары деңгейде дайындалдық. Қарсыластарымызды зерттеп, олардан асып түсуді ойладық. Жалпы, чемпионатта жылдан-жылға бәсекелестік артып келеді. Қатысушылардың да қатары көбейіп жатыр. Шәміл 5 жекпе-жек өткізді. Барлығында жеңіске жетті. Өз салмақ дәрежесі бойынша үздік атанып, үмітімізді ақтады.

Айта кетейік, Шәміл Ермағамбетов әлем чемпионатының қорытындысы бойынша «Үздік спортшы» атағын алды.

 

Мәдина Қаби