Денсаулық сақтау

МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызмет

Әйелдер арасындағы гинекологиялық ауру жас таңдамайды. Әсіресе, қазір нәзікжандылардың арасында миома мен эндометриоз деп аталатын сырқат түрі дендеген. Аталған қос дерт білдірместен асқынады. Сондықтан, әйелдердің гинекологиялық тексерістен уақытылы өткені дұрыс. Елде жалғасып жатқан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында да біраз мүмкіндікке қол жеткізуге болады.

ВИКТОРИЯ РАУШ, қалалық №1 емхананың акушер-гинекологы:

– Бізге келген әйел гинекологиялық науқас болса, диагнозға байланысты тегін тексереміз. Оған қан анализі, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу кіреді. Қазір миома, эндометриоз, аналық без өсіндісі өте жиі кездеседі. Бұл дерт түрлері әйелдің жасына байланысты емес. Тіпті жасөспірім шақтан 45-50 жасқа дейін, сонымен қатар, зейнет жасындағы әйелдерде кездесуі ықтимал.

МӘМС аясында қандай да бір мәселемен келген тұрғындардан бөлек, жүкті әйелдер де түрлі қызметке тегін қол жеткізе алады. Олар үшін сақтандыру қорына жарнаны ай сайын мемлекет аударады. Екінші сәбиін күтіп жүрген қала тұрғыны Айнұр Исина дәрігердің кезекті қабылдауына келіп отыр.

АЙНҰР ИСИНА, қала тұрғыны:

– №1 қалалық емхананың әйелдер консультациясында 6 ай бойы жүктілік бойынша қаралудамын. Барлық тексеру мен УДЗ-дан тегін өтіп жатырмын. Мұнда әйелдерді ұдайы қадағалап, аман-есен босануына жағдай жасап жатыр деп айта аламын.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында ашық есік күндері де өткізіледі. Қалалық №1 емхананың қабырғасында келесі аптаның басында ұйымдастырылмақ.

 

Ақжүніс Мұқатай