Балалар

Ауыл балаларының қаладағы бір күні

Әткеншектер әлемі. Бүгін қалаға экскурсияға Ғ.Мүсірепов ауданынан бір топ бала келді. Жалпы саны – 14. Бәрі Рузаевканыкі. Петропавлмен танысу әткеншектерден басталды. Түр-түсімен көздің жауын алатын аттракциондарға ұл-қыздар жарыса мінді. Он бір жасар Әдел Ақанай бүгінгі сапардан ерекше әсер аламыз деген үмітте.

ӘДЕЛ АҚАНАЙ, оқушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Маған осы әткеншек ұнады. Көңіл-күйім де өте жақсы. Бүгінгі қалада қыдыруымыз өте көңілді өтеді деп ойлаймын.

Балалар қалаға келу үшін 4 сағат жол жүріп келген. Қалада кешкі 5-ке дейін болады. Саябақтан кейін жас туристер облыстық музейге, ботаникалық баққа және аквапаркке барады.

ЕЛЕНА ЛЮТЬКО, Рузаевка орта мектебінің мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біздің балалар осы экскурсия жайында естігенде қатты қуанды. Басында 4-ақ адам қажет деп еді, кейін тағы 10 баланы қосуға болатындығын айтты. Оқушылар қалаға келуді асыға күтті. Бізден күнде қашан барамыз деп сұрап, күн санады. Сапар балаларға ұнап жатыр.

Еске сала кетейік, ауыл балаларына арналған мұндай экскурсия жаз бойы жалғасады. Келесі аптада шалақындықтар мен Тимирязев ауданының оқушылары келеді. Жалпы, экскурсияның мақсаты – ауыл балаларына облыс орталығын таныстыру. Осы шара арқылы биыл мың жарымға жуық ұл-қызды қамту жоспарланып отыр.

 

Мәдина Қаби