МТРА жаңалықтары

“Ауыл аманаты”: бескөлдік кәсіпкер көлік жуу орталығын ашты

Бұл – Бескөл ауылының кіреберісінде орналасқан көлік жуу орталығы. Жұмыс істеп бастағанына 3-4 күннің ғана шамасы болған. Иесі Айман Байділдаева өткен жылы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгініп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5% жеңілдікпен несиеге 5 жарым млн теңге көлемінде қаражат алған. Жуырда берілген сомаға 5 түрлі керекті құрылғы сатып алып, жұмысты сәтті бастап кетіпті.

АЙМАН БАЙДІЛДАЕВА, “Байділдаева” ЖК директоры:

– 5 жарым млн теңгеге Алматыдан италиялық құрылғы алдық. Биыл маусымның 14-інде іске қосып, қазір жұмыс істеп жатырмыз. 2 көлік қоятын жер бар. Бізге «Даму» және Атамекен орталықтары көмек берді. Бизнес-жоспарымызды қарап, әртүрлі кеңестер берді.

Көлік жуу орталығы өзіне-өзі қызмет көрсетуге негізделген. Жүргізуші темір тұлпарын мұнтаздай қылып тазалау үшін ыңғайлы жағдай жасалыпты. Барлығы түсінікті.

Іскер әйел бизнесі арқылы 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларды екі қолға бір күрек іздеп жүрген орталықтан тауыпты. Қос азамат ай сайын қолдарына 150 мыңның шамасында жалақы алады.

АЙМАН БАЙДІЛДАЕВА, “Байділдаева” ЖК директоры:

– Құрылғылардың сапасы бүгінде орташа болып есептеледі. Былтыр ол ең жақсылардың қатарына кірген. Өзі жуады. Ішінде барлық операциялары бар. Қазіргі заманға сай Халыққа ұнайды деп сенеміз.

Кәсіпкердің бұл бизнеске артқан үміті зор. Жақсы нәтижеге қол жеткізуге шамалы уақыт керек. Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Өткен жылы бағдарламаға теріскейлік 300-ге жуық тұрғын жүгініпті.

ТАЛҒАТ ЖҰМАБЕКОВ, “Солтүстік” ӘКК бөлім басшысы:

– Өткен жылы “Ауыл аманаты бағдарламасы бойынша 1,8 млрд теңге мөлшерінде 236 өтінім мақұлданды. Қызылжар ауданында бағдарламаны жалпы сомасы – 398 млн теңгеге 45 адам пайдаланды. Бұл бағдарламаға жұмыссыз азаматтар, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатыса алады. Негізгі шарт – ауылдық жерде тұрып, бизнес жобаларын іске асыру.

Жалпы, ауқымды жоба ауылды сақтап қалуға және ондағы ағайынның табысын еселеуге тиімді мүмкіндік деуге болады.

 

Ақжүніс Мұқатай