Sailau banner

Денсаулық сақтау

ӘМСҚ СҚО бойынша филиалының жұмысы

Елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көмек көрсету жалғасып жатыр. Биыл қордың жергілікті филиалы 52 қызмет ұсынушымен шарт жасасқан. Ортақ құжатқа қол қойған келесі тараптың 28-і мемлекеттік статусқа ие. Яғни, 24-і – жеке орталықтар.

АЙНАГҮЛ ДАВЛЕТЧИНА, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” СҚО бойынша филиалының директоры:

– Биыл медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру көлемі 71,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық.

Жақында жергілікті филиалдың директоры ауысты. Жауапты қызметке Айнагүл Давлетчина келді. Журналистермен жүздесуді жөн көрген спикер барлығын бастан-аяқ жіпке тізді. Қордың негізгі мақсатының бірі – кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары. Биыл осы және травматология, пульмонология бағыттары бойынша медициналық мекемелерде 420 мыңға жуық көмек көрсетіліпті. Назар аударарлық жайт, аймақта әлі “сақтандырылмаған” адамдардың қарасы қалың.

АЙНАГҮЛ ДАВЛЕТЧИНА, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры СҚО бойынша филиалының директоры:

– Өңірде 423 891 адам сақтандырылған. Бұл – жалпы көрсеткіштің 80,4 пайызы. 103 216 кісі әлі сақтандырылмаған.

Соңғы есептеулерге сүйенсек, облыста 527 107 адам тұрады. Өзіміз жақсы білетіндей, еңбекпен қамтылмаған тұлға “сақтандырылмаған” болып саналады. Мұндай жағдайда ол Жұмыспен қамту орталығына ресми тіркелсе жеткілікті. Мемлекет тіркелген әрбір қазақстандыққа жарна аударады.

 

Байболат Құлтанов