Спорт

Жас мергендер арасында бірінші рет садақ атудан облыстық чемпионат өтті

Өңірімізде садақ ату федерациясы барын біреу білсе, біреу білмес. Ұйым биыл ақпан айында ғана құрылған. Ата-бабамыздан қалған сайыс теріскейде ұлттық ойындарды жандандыру арқылы қазақы дәстүрді дәріптеп, дамытуды мұрат тұтқан бір топ азаматтың ұйытқы болуымен белең алуда. Күні кеше ғана аталған спорт түрінен жеткіншектер арасында бірінші рет облыстық чемпионат өтті.

ЖАСҰЛАН ҒАББАСОВ, СҚО садақ ату федерациясының басшысы:

– Ата-бабамыздан келе жатқан өнер бүгінде спорт түріне енген. 16-17 жасқа дейінгі балалар 25 м, 13-15 жастағылар 20 м қашықтыққа ату арқылы бақтарын сынайды.

Құралайды көзге атқан мергендер сайысына барлығы өңіріміздің 3 ауданынан және қала мектептерінен келген 20-дан астам бала қатысты. Жас спортшылар аталған спорттың үш түрі бойынша сынға түсті. Олар: жамбы нысанасы, түріктің пут нысанасы және қалқан нысанасы.

МӨЛДІР ДӘУЛЕТХАН, жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– Бұл спорт түрімен биылдан бастап айналысамын. Маған өте қатты ұнайды. Болашақта кәсіби түрде айналысқым келеді.

Жарыс қорытындысы бойынша Қызылжар ауданынан келген мергендер басқаларынан оқ бойы озық болды. Сайыс жеңімпаздары 1-ші шілдеде Өскеменде өтетін ел чемпионатында бақ сынайды.