Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ұлттық ұлан академиясын 190 түлек тәмамдады

Бір емес бірнеше жылға созылған қатаң тәртіп пен нағыз табандылықты талап ететін әскери кезең. Көзді ашып-жұмғанша 4 жыл зымырап өте шығып, Ұлттық ұлан академиясының 24-ші шақырылым түлектері білім ордасын тәмамдады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған және тәжікстандық 190 бозбала қатайды, ер азамат болып қалыптасты. Өткен сенбі күні шаһардың басты алаңында тепсе темір үзер жігіттер қолдарына дипломдарын алды.

Темірдей тәртіпке әбден үйренген жігіттердің көздері жалындап, қуаныштары қойындарына сыймай тұрғандары байқалады. Әскери адам ретінде үлкен өмірге басқан алғашқы қадамдарының сәтті аяқталып жатқанына риза. Жігіттерді айтулы күнмен ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов құттықтады.

ЕРЖАН САДЕНОВ, ҚР Ішкі істер министрі:

– Парасатты кәсіпті таңдауға көмектескен, балаларын еліміздің лайықты азаматы ретінде тәрбиелеген ата-аналарға мың алғыс. Құрметті түлектер, сіздерді алғашқы офицер шендеріңізбен құттықтаймын.

Мұндағы сап түзеген сарбаздар еліміз үшін ауыр кезең – су тасқынын бастан өткергенде біраз күш салғаны баршағы мәлім. Күн-түн демей бөгет тұрғызып, біраз елді мекенді қызыл судан арашалап қалды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов офицерлердің елеулі еңбегін атап өтіп, жігіттерге сәттілік тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сарбаздар үйлерді қалпына келтіруге және зардап шеккендерге үйлеріне тез оралуына өз үлестерін қосты. Осының арқасында көптеген адамның өмірін сақтап қалды. Солтүстікқазақстандықтардың атынан сіздерге алғысымды білдіремін. Ер азамат осындай қиын сәттерде шыңдалады. Сіздер нағыз ерлік танытып, абыройлы еңбек еттіңіздер. Елім дейтін сарбаздар көп бола берсін.

Бітіруші 190 түлектің ішінде үкілеген үмітті ақтаған Ғалымжан Кенесары да бар. Қызылорда қаласының тумасы білім ордасын абыроймен аяқтап, бала кезгі арманын орындап отыр.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЕСАРЫ, ҚР ҰҰ академиясының түлегі:

– 2020 жылы арман қуып Петропавл қаласына келдім. Бала кездегі арманымды орындап, әскери шенімізіді алып, еліміздің басқа өңірлеріне қызмет етуге бармақпыз. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы үшін әскери адамдардың саны мен сапасы өте маңызды екенін барлығымыз білеміз. Петропавл – арманымды орындаған қала.

Ұлдарының таудай жетістігін көріп, қуанышына ортақтасып, күннің ыстығына қарамай елдің түкпір-түкпірінен ата-аналар мен туған-туыс та көптеп жиналды. Ақжарқын Айсаева Алматы облысынан ат терлетіп келіп отыр. Көңілі алып-ұшып тұрған ана қуаныштан көз жасына ерік берді.

АҚЖАРҚЫН АЙСАЕВА, Алматы облысының тұрғыны:

– Бүгін өте қуанышты күн. Ұлым 4 жылды артқа тастап, оқуын аяқтап жатыр. Қазақстан Республикасына адал қызмет етсін, қорғауға барын салсын деп тілеймін. Мұнда қаншама түлек пен ата-ана жиналып отыр. Өзім қуаныштан көзіме жас та алдым.

Академияны аяқтау тек бастамасы ғана. Енді иықтарына қос жұлдыз қонған азаматтар Қазақстанның әр облысына қызмет етуге аттанады.

 

Ақжүніс Мұқатай