Sailau banner

Қоғам

«Таза Қазақстан»: ауылдар қоқыстан тазартылып жатыр

Көктемде орын алған апатты оқиғаның салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Теріскейде Қызылжар ауданының елді мекендеріне орасан залал келген еді. Ондағы мың жарымнан астам баспанаға су кіргенін бұған дейін де айтқанбыз. Бүгінде аудандағы Большая Малышка мен Тепличное ауылдарында “Таза Қазақстан” науқаны аясында әр апта сайын сенбілік ұйымдастырылады.

ҚАЙЫРГЕЛДІ ТҰҒЫМБАЕВ, Тепличное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Күзде үй салған болатынбыз. Көктемде су келіп, баспанамызды су басып кетті. Үй салып жатқан материалдардың барлығы суға кетті. Бүгін келіп көшемізді тазалап жатыр, судан құртылған заттарды сыртқа шығарып жатыр. Үй ағаштан салынған. Іші әлі су, кеппей жатыр.

Большая Малышка ауылында да экологиялық акция қарқынды жүріп жатыр. Айналаны тазартуға Тайынша ауданының механикаландырылған бригадасы жұмылдырылған.

Науқанға аталған елді мекеннің жанашыр тұрғындары белсене қатысып жатыр. Қызыл су шайып, бүлдірген жерлерді ретке келтіруге барынша тырысуда.

 

Ақжүніс Мұқатай