Sailau banner

Қоғам

Қызылжар ауданында тағы бір отбасыға баспана берілді

Наталья Рыль отбасымен бірге Прибрежное ауылында тұрады. Тасқын кезінде үйін түгел су басып, бұзып тастаған. Қалада пәтер жалдап тұрған. Бүгін ерлі-зайыптыға Бескөлден кең үйдің кілті табыс етілді. Баспаналары жаңа деуге болады, өйткені салынғанына небәрі 5 жыл болған.

НАТАЛЬЯ РЫЛЬ, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Үйге бүгін көшіп жатырмыз. Дүние-мүлкімізді әлі түгел әкелген жоқпыз. Қуанышым кеудеме сыймай тұр. Үй жақсы, іші кең. Сәл құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет, ол қолымыздан келеді. Бәрі өз уақытымен. Мемлекет қолдауына ризамыз. Біздей жандарды назарсыз қалдырмай, үй беріп жатқандарына алғысымыз зор.

Үй ішіне жиһаз жайғастырылған, сыртында қора-қопсысы, монша, бау-бақшасы бар. Наталья Рыль енді мол қылып жеміс-жидек егемін деп отыр.

Жанұяны қуанышымен құттықтауға Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов келді.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Әкімшілік жағынан жұмыс істеп жатқан комиссиялар мен зардап шеккен азаматтарға басқа тұрғын үй іздестіріп, рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы кісінікі сияқты үйлер берілуде. Қазіргі таңда Қызылжар ауданында 19 жанұяға басқа баспана берілді.

Еске сала кетейік, Қызылжар ауданында тасқын кезінде 1600-ге жуық үйді су басқан болатын. 300-ге жуығы тұруға жарамсыз деп танылған.

 

Мәдина Қаби