Sailau banner

Қоғам

Құрбан айт мейрамы

Рамазан айынан соң араға 70 күн салып Құрбан айт мерекесі келіп жетті. Бұл күндері жасалатын ең ізгі амалдардың бірі – құрбандық шалу. Ал әл-ауқаты төмен жандарға құрбандық шалу міндет болып саналмайды. “Тек шынайы ниетпен дұға жасауы қажет”,- дейді өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, облыстың бас имамы:

– Құрбандық деген сөздің мағынасы – “жақындау” деген сөз. Сол үшін Аллаға біз құрбандық арқылы, басқа бір мұсылманның жүзіне қуаныш сыйлау арқылы жақындаймыз. Бұл – үлкендердің ғана мерекесі емес, балалардың да мерекесі. Сол себепті, әрбір ата-ана өзінің немересіне, балаларына сый жасайтын болса негізгі Құрбан айттың көрінісі болар еді. Жағдайы келетін адам құрбандық шалады. Кез келген адам құрбандық шалмайды. Бірақ, Сауап үшін мен шаламын десе оған ешкім тосқауыл бола алмайды.

Айт намазынан соң құрбан шалушылар жылдағыдай Жұмысшы кентіне асықты. Мұнда мал сататын және соятын арнайы орын құрылған. Тұрғындар қалауына қарай малдарын таңдап алып, құрбандық шалып жатты. Қой бағасы 50 мың теңгеден басталып 80 мыңға дейін жетті.

ТОҚЖІГІТ СӘБИТОВ, қала тұрғыны:

– Құрбан айт қайырлы құтты болсын. Бәрімізге осы қазақтың ұлы мейрамын тойлауға жазсын. Біз осы базарға қой алуға келдік құрбандық шалуға. Мұнда қой көп, таңдап алуға болады екен.

Биылғы мерекеге орай 500-ге жуық мұқтаж отбасыға көмек көрсетілмек. Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен жандар да бар. Сондай-ақ, Құрбан шалуды онлайн түрде өткізуге де мүмкіндік туды. Ол үшін Kurban2024.kz сайты арқылы кіріп, тапсырыс беруге болады.

 

“Қызылжар” телеарнасы