Sailau banner

Білім

Петропавлдық NIS-те жазғы мектеп өтіп жатыр

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде өңірдің оқушыларына арналған жазғы мектеп ұйымдастырылды. Биыл тегеурінді білім ұясына алғаш рет шаһардың ұл-қыздары ғана емес, жақын аудандардың балалары да жиналып отыр. Олар әртүрлі пән мен дағдыларды тереңдетіп оқыту үшін арнайы әзірленген сабақ және курстарға қатысудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.

ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Облысымыздың оқушылары жазғы демалысты тиімді пайдалану мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7 бағытта және 2 тілде жазғы мектеп ұйымдастырып отырмыз. Бүгінде 200-ден астам оқушы қатысып жатыр. Оның ішінде осы мектепке NIS-ке түсуге дайындық, деңгейлер бойынша ағылшын тілін үйрену және IELTS тапсыруға дайындық, ART-STEAM және STEM-Инжиниринг бар.

Балғындар маусымның 3-ші жұлдызынан бері білім мен шығармашылықтың қызықты әлеміне саяхат жасауда. Кейбірі білімін толықтырып, берілген арнайы қосымшалар арқылы ағылшын тілін үйренсе, енді бірі халықаралық емтиханда жоғары нәтижеге қол жеткізуге жақсы мүмкіндік алып отыр.

ҚУАНАР ДУМАН, оқушы:

– Маған NIS мектебі ұнайды. Менің бұл мектепке 7-сыныпта келгім келеді. Бұл жерде жақсы мұғалімдер бар. Менің сүйікті пәндерім – информатика және инжиниринг. Біз тағы мұнда спорт залға барып ойнаймыз, демаламыз

ӘЙГЕРІМ НҰРЖАН, оқушы:

– Маған өте ұнады. Біз математика мен жаратылыстану сабақтарын өтеміз. Химия пәнінде түрлі тәжирибелер жасап көрдік.

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі жазғы мектеп – бұл балаларға уақытты тиімді өткізуге, білімдері мен дағдыларын кеңейтуге, сондай-ақ, жаңа достар табуға мүмкіндік. Мұндай курстар жинағы келесі жылы да басқа мектептердің оқушыларына арналып ұйымдастырылмақ.

 

Ақжүніс Мұқатай