Sailau banner

Денсаулық сақтау

Петропавлда “Өмір сыйла-донор бол” акциясы өтті

Өңірде жыл басынан бері біршама тұрғын қанның түрлі компонентін қажет еткен. Демек, жаңа өмір сыйлайтын қан берушілер құрметке ие. Осы орайда бүгін облыстық қан орталығында Дүниежүзілік донорлар күніне арналып “Өмір сыйла-донор бол” атты акция өтті.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, СҚО ҚХА мүшесі:

– Іс-шараға барлығы – 35-ке жуық адам қатысуда. Оның ішінде жастар да бар. Біз осы сияқты жиындарды көптеп өткізіп тұрамыз.

Жиында үздіксіз қан тапсырып, ерікті түрде донор болған азаматтарға алғыс айтылды. Бірақ дәрігерлер үшін қан тапсырған жанның дені сау болуы маңызды. Келген адамдар бірінші тіркеліп, ғимараттың екінші қабатына барып тексерістен өтеді. Содан соң барып қана донор бола алады.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Осы күнге дейін бірнеше мәрте қан тапсырдым. Болып жатқан акцияны өз басым қолдаймын. Барлық тұрғындарды осы сияқты іс-шараға қатысуға шақырамын.

Қан тапсырған адамның өмірі 5 жылға ұзарады дейді ақ халаттылар. Дені сау, 18 жастан асқан кез келген жан донор бола алады. Көмектескен жомарт жандарға ақша және естелік сыйлықтар беріледі.

ЕВГЕНИЯ ЗАХАРОВА, облыстық қан орталығының бөлім меңгерушісі:

– Қабылданған қанды өңірдегі 21 ауруханаға жібереміз. Оның 13-і аудандық. Күніне 50-ге жуық адам келіп, қан тапсырады.

Бір рет қан тапсырған жан орта есеппен үш адамның өмірін сақтап қалуға септеседі.