Спорт

Петропавлда мүгедектер арасында спорттық жарыс өтіп жатыр

Петропавлда мүгедектер арасындағы облыстық спартакиада бастау алды. Бәйкен Балғожин Шал ақын ауданының намысын қорғайды. Оның тобында 6 адам бар. Алтауы да спорттың әр түрінен сайысқа түседі. Бәйкен Балғожин дойбы ойнайды. Алпысты алқымдаған азамат бұл спорт түрімен 15 жылдай айналысады.

БӘЙКЕН БАЛҒОЖИН, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Жыл сайын қатысып тұрамыз. Үкіметтің мүгедектерге арнап жасап жатқан қамқорлығына ырзамыз. Көзі көрмейтіндердің арасында дойбы ойнаудан сайысқа түсемін. Қатысушылар жылда жоғары деңгейде болады. Барлығы да мықтылар. Алдағы уақытта жеңісті қолдан бермеуге тырысамыз.

Додаға облыстың түкпір-түкпірінен 13 аудан және қаладан барлығы 400-ге тарта спортшы келіп отыр. Әрқайсысының мақсаты – жеңіске жету. Жарыс 11 спорт түрінен өтіп жатыр. Олар: жүгіру, теннис, шахмат, дойбы, тағысын тағы. Спартакиада өңірде 97-ші жылдан бері өткізіліп келеді. Жылдан-жылға жарысқа қатысушы мүгедек жандардың спортқа деген ынталары артпаса кемімеген.

АРМАН ЖӘМІШ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубы басшысының орынбасары:

– Жылдан-жылға мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спартакиаданың деңгейі өсіп келеді. Қатысушылар республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып тұрады.

Сайыстың жеңімпаздары ертең анықталады. Жеңіске жеткен спортшылар алдағы уақытта республикалық спартакиадаға қатысады.

 

Мәдина Қаби