Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтау

Облыс әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Салтанатты марапаттау рәсімі Жұмағали Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінде өтті. Алдымен өңір басшысына оқу орнының материалды-техникалық базасы таныстырылды. Медицина колледжінде қазіргі уақытта 6 мамандық бойынша 1200-ден астам студент білім алады. Оқу ордасында 42 оқытушы жұмыс істейді.

АЙЗАР МҰҚАШЕВ, Ж.Тлеулин атындағы СҚ жоғары медицина колледжінің директоры:

– 2019 жылы біздің медицина колледжіне жоғары колледж атағы берілді. Мейірбике қызметінің бакалаврларын дайындаймыз. 2022 жылы біздің оқу орнымыз халықаралық аккредитациядан өткен болатын. Биыл да мамыр айында сәтті қорғап шықтық.

Оқу орнында болашақ медицина қызметкерлерін дайындауға жақсы жағдай жасалған. Түрлі заманауи оқу құрылғыларымен, адам ағзасын емдеуге арналған маникендермен де қамтылған. Колледждің материалды-техникалық базасымен танысып болғаннан соң өңір басшысы салтанат залына жиналған ақ халаттыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Құрметті медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері. Сіздерді медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дәрігер – әлемдегі ең маңызды мамандық. Өйткені, адамның денсаулығын қорғау – аса жауапты іс. Сіздердің жұмыстарыңыз ерлікке тең. Ақ халатты абзал жандар күн сайын адамдардың өміріне араша түседі. Адам денсаулығы әрқашан ең жоғары құндылық болады. Ал оған қамқорлық жасауды таңдағандар зор құрметке ие.

Кәсіби мерекелеріне орай 70-ке жуық медицина қызметкерінің еңбегі еленді. Солардың бірі – Сымбат Әліпбаева. Ол – көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының гинекология бөлімінің меңгерушісі. Қарағанды медицина университетін бітіріп, еңбек жолын Шал ақын ауданының ауруханасында бастаған. Сымбат Өмірбекқызы бүгін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалімен марапатталады.

СЫМБАТ ӘЛІПБАЕВА, көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:

– Медицина мамандығын таңдаған себебім, ол – бала күнімдегі менің басты арманым болатын. Еңбек өтілім – 12 жыл. Медицина мамандығының қиындығы көп. Шыдамдылық керек. Мерекеде құттықтап, ескеріп жатқанына өте қуаныштымын. Үлкен рахмет.

Бұл күні еңбегі еленгендердің қатарында 30 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты офтальмолог дәрігер Әмина Мәдиева да бар. Ол – осы Петропавл медицина училищесінің түлегі. Кейін Алматы қаласындағы медицина университетінде білім алған. Қазіргі уақытта Петропавлдағы «Есіл-Диагностик» офтальмологиялық орталығында жұмыс істейді.

ӘМИНА МАДИЕВА, офтальмолог дәрігер:

– Болашақ дәрігерлерге ең алдымен сәттілік тілеймін. Дәрігер – ол өте қызықты, әрі қиын мамандықтардың бірі. Мұнда ең алдымен өз жұмысына және науқастарына махаббатпен қарауы керек.

Марапаттау рәсімінен кейін медицина қызметкерлерінің назарына мерекелік концерт ұсынылды.

 

Гүлден Сембаева