Sailau banner

Қоғам

“Радуга” серіктестігінде оқыту курсы бастау алды

Мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Петропавлдағы “Радуга” серіктестігіндегі қағаз фабрикасында 1 айлық оқыту курсы бастау алды. Білімдерін молайтып, шеберліктерін одан әрі шыңдау үшін 3 қаланың 5 кәсіпорнынан өкілдер келіп отыр. Барлығы – 25 адам.

ОЛЕСЯ ВУРАСКО, Орал мемлекеттік орман-техникалық университетінің профессоры:

– Қазіргі уақытта біз целлюлоза – қағаз өндірісінің технологиясы және одан қағаз өндіру тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтудеміз. Барлығын ең негізгілерден бастаймыз: ағаштың анатомиялық және морфологиялық құрылымын қарастырамыз. Менің ойымша, мұндай дайындық кәсіпорындағы жұмысқа жүйелі түрде қарауға, шешімді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді. Ұйымдардың нарыққа шығуына септеседі. Қатысушылардың ынтасы жоғары деп айта аламын.

Қатысушылар күнде таңғы 10-нан 4-ке дейін осында болады. Күннің алғашқы бөлігінде 2-ші қабатта дәріс тыңдайды, кейін тәжірибелік бөлікке барады. Мамандардың арасында шырайлы Шымкенттен келіп отырған да бар. Әлібек Абдраман – кәсіпорын басшысының орынбасары.

ӘЛІБЕК АБДРАМАН, “Qagaz ordasy” ЖШС директорының орынбасары, Шымкент қаласы:

– А4, А3 форматтағы қағаздар шығарамыз. 2020 жылдан бері жұмыс істейміз. Бұл жаққа келуіміздің себебі – барлығын нөлден, яғни бастапқы кезеңнен бастауды игеру. Мұнда Ресей елінен ұстаздар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Жалпы, оқыту алдағы шілде айында аяқталады. Соңында білім алушылар қолдарына сертификат және арнайы куәлік алатын болады.

 

Ақжүніс Мұқатай