Sailau banner

Қоғам

Новоишим ауылында тағы екі отбасы баспаналы болды

Новоишим ауылында тасқыннан зардап шеккен тағы екі отбасыға баспана берілді.
Ерлі-зайыпты Батырбаевтарға да жаңа үй бұйырды. Отағасы Жанболат пен жұбайы Гүлжаз – 2 баланың ата-анасы. Қазақстанға өзбек елінен 22 жыл бұрын көшіп келіпті. Осында орнығып, аудандық мәдениет үйінде жұмыс істеп жатыр. Сатып алған баспаналары тасқын кезінде түгел суға кеткен. Берекелі жанұя жарамсыз деп танылған үйдің орнына 2008-ші жылы салынған баспанамен қамтылды.

ГҮЛЖАЗ ҚҰЛМАНОВА, Новоишим ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Ол кезде біздің қуанышымызда шек болмады. Үйді береді деген күннен бастап ұйықтай алмадық. Қалай істейміз, үйді қалай жөндейміз деп көп ойландық. Жаңа өмір басталғандай болды. Мінекей жаңа баспанаға кіріп қуаныштымыз. Әкімдіктегі де кісілерге көп рахмет. Іші өте тамаша, кең. Бөлмелері де үлкен, жарық.

Ал мынау – Ивановтардың баспанасы. Жаңа үйге 2 апта бұрын кірген. Осы үйді өздері таңдап алыпты. 17 жыл тұрған саманнан жасалған шаңырақтары тасқында қирап қалған. Мына үйлері үш бөлмелі, іші кең. Баспана құны 13 млн деседі. Мемлекет тарапынан тегін беріліп отыр.

ИРИНА ИВАНОВА, Новоишим ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Әлі бүкіл дүниемізді көшіріп болған жоқпыз. Жаңа жерге біртіндеп үйренісіп жатырмыз. Бау-бақшасы бар екен. Оған өсімдік отырғызамын. Үй сонысымен берекелі. Немерелеріміз келеді, оларға далаға шығып ойнауға ыңғайлы.

Еске сала кетейік, Новоишим ауылында осы көктемде 9 үйді су басты. 7 үйдің иесіне басқа баспана берілді. Біреуі көшуден бас тартып, үйін жөндеп алса, 9-шысына жаңа үй жуырда табыс етіледі.

 

Мәдина Қаби