Sailau banner

Қоғам

Құрбанға шалынатын қой бағасы 80 мың теңгеден аспауы тиіс

Қасиетті Құрбан айтқа санаулы күн қалды. Жер-жердегі жамағат асыға күтетін мереке алдағы жексенбі, дүйсенбі және сейсенбіде атап өтілмек. Алдымен солтүстікқазақстандықтар таңғы 7-де сап түзеп, Айт намазын оқиды. Кейін мұсылмандық міндеттің бірін орындауға – мал союға кіріседі. Жылдағы дәстүрге сай петропавлдықтар мен қала қонақтары Жұмысшы кентіндегі Космонавт, 2 мекенжайы бойынша орналасқан қасапханаға бара алады.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Сонымен қатар, онлайн форматта құрбан шалуға болады. Ол үшін qurban2024.kz сайтына тіркелу қажет. Әр адам өздері жайлы дерек жазады, ақшасын төлейді. Осылайша, құрбан шалады.

Осы орайда құлаққағыс, алданып қалудан қорықпау қажет. Шалынған мал жайлы есеп қаражат аударған жанның ұялы телефонына жіберіледі. Шариғатқа назар аударсақ, құрбан Алла ризашылығына жақындау деген мағына береді. Бұл міндетті жағдайы келген әрбір адам орындауы тиіс. Игі амал арқылы мұсылман баласы көпшілік қауымға қуаныш сыйлайды. Осылайша, асыл дініміздегі мейірімділік көрініс табады.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Құрбандық еттері волонтерлермен таратылатын болады. Қазір мұқтаж жандардың тізімі жасалып жатыр. Барлығы тиісті етті алатын болады.

Құрбан айт татулық мерекесі екенін де білу керек. Осы қасиетті 3 күнде араздасқан жандар бір-бірінен кешірім сұрап, қол алысқандары абзал. Құрбандыққа қой, ешкі, қара мал және түйе шалынады. Шопан ата төлінің жасы 6 айдан асуы тиіс.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Ал қара мал 2 жасқа толуы керек. Қара малдың ішінде ұрғашы қара малды шалған абзал. Қойдың ішінде қошқар сойылады. Құрбан айт құтты болсын! Алла тағала биылғы қиындықтың есесін, берекесін берсін!

Айта кету қажет, биыл құрбанға шалынатын қой бағасы 80 мың теңгеден аспауы керек. Осы ақшаға мал сатып алудан бөлек, сою, етті жеткізу сынды қызметтер де кіреді.

 

Байболат Құлтанов