Экология

Қала жастары Есілдің жағасын қоқыстан тазартты

Жайма-шуақ жаздың ыстығы да жетті. Демек, адамдар су айдындарына ағылады. Шомылуға барғанда ерке Есілдің жағасы таза тұрғаны дұрыс. Осыған орай қала жастары “Туған өлке – Родной край” атты экоакция ұйымдастырды. Шара ойын түрінде өтті. Ұйымдастырушылар қыз-жігіттерді 3 топқа бөліп, бір-бірден қап таратты. Ереже қарапайым: 40 минуттың ішінде кім көп қоқыс жинайды, сол – жеңімпаз.

ЛИДИЯ ГРАБАРЬ, “Жастар салауатты өмір салты үшін” ЖҚБ төрағасы:

– Біз бүгінгі акцияны қызықты өткізу үшін осындай ойын ұйымдастырып отырмыз. Жастардың да көңілі көтеріліп қалады. Кім бірінші әрі көп қоқыс жинайды, соған дайындап қойған сыйлығымызды тапсырамыз. Тартуларымыз ұнайды деген ойдамыз.

Ұйымдастырушылардың “Басталды” деген пәрменін естіген жастар бірден іске кірісіп кетті. Шыны және пластик бөтелке, қағаздар, тамақ салатын ыдыстар. Бәрі жиналып, өзеннің жағасына көрік кірді. Эрик Чен – студент. Оның айтуынша, табиғатты таза ұстау – әрбір адамның міндеті.

ЭРИК ЧЕН, студент:

– Бұндай акцияларға жиі қатысамын деп айта алмаймын. Бірақ, алдағы уақытта волонтерлердің қатарына енгім келеді. Солай табиғатқа, халыққа көмектескім келеді. Қоршаған ортаға шығатын жандарға айтарым, айналаны таза ұстаған дұрыс. Тазалық адамның өзінен басталады.

Жалпы, шараға 80-ге жуық жас пен волонтер қатысты. Енді олар Пестрое көліне барып, осындай тазалық шарасын өткізбек.

 

Мәдина Қаби