МТРА жаңалықтары

Іскер әйелдер тәжірибе жинамақ

Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз. Жергілікті кәсіпкерлер палатасына осындай ұранмен 16 қыз-келіншек жиылды. Олар қаламызға танымал жеке кәсіпкер Әсел Құсмановамен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе жинамақ. Алайда, бәрі қабылданбайды. 10 азаматша іректелініп алынбақ. Олармен 6 айлық оқыту курсы ұйымдастырылады. Тәлімгер бизнес саласында 14 жылдан бері тер төгіп жүр. Шаһарда және еліміздің бірнеше өңірінде балалар дүкені бар.

ӘСЕЛ ҚҰСМАНОВА, тәлімгер:

– Мен бір орында тұрып қалғым келмейді. Әрқашан ізденісте жүргенді ұнатамын. Бизнес өкілдеріне арналған түрлі тренингтерге қатысып, тәжірибе жинаймын. Адамдармен жақсы жұмыс істей аламын. Осы күнге дейінгі білгенімді ізбасар жандарға үйретіп келемін.

Іріктеу кезеңі де басталып кетті. Тәлімгер ниет танытушы нәзікжандылардың жетістіктеріне, өздері жайлы айтқан деректерге назар аударды.
Мәдина Қабаева – косметолог дәрігер. Еңбек жолын былтыр ғана бастапты. Қазір жеке кәсіпкердің шағын кабинеті бар. Мақсаты – өрге шығу.

МӘДИНА ҚАБАЕВА, жеке кәсіпкер:

– Енді ғана бизнесімді бастап жатырмын. Осындай жиын жаңа таныс және жаңа табыс әкеледі. Бір орында тұрып қалмас үшін оқып, жиындарға қатысып, дамуымыз қажет. Бұған дейін Балауса Ғабитовадан тәжірибе жинадым. 1 жылдың ішінде 3 жиынға қатысып отырмын.

Басқосу әйелдер кәсіпкерлігін дамыту аясында ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер палатасында осы сында шаралар алдағы уақытта тағы ұйымдастырылмақ.

 

Гүлден Сембаева