Sailau banner

Қоғам

Жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүруіне қатаң тыйым салу керек – Смайылов

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында автожол саласына жүргізілген аудиттің қорытындысын баяндады, деп хабарлайды Kursiv Media. Нәтижесі алаңдатарлық. Автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және күтіп ұстауға соңғы төрт жылда барлығы – 1,9 трлн теңге бөлінген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 72 пайызды құрайды. Әлихан Смайылов ортақ жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүруіне қатаң тыйым салу қажеттігін айтты.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:

– Автомобиль жолдарының бұзылуына әкелетін негізгі факторлар – рұқсат етілген массадан асатын ауыр салмақты көліктердің жүруі. Бұл – тасымалдау процесінің жекелеген топтарының мүдделерін қорғау және мемлекеттік органдардың принципті позициясының болмауы себебінен көптеген жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Автоматтандырылған өлшеу станциялары орын алған бұзушылықтарды толық көлемде дұрыс рәсімдеп отырған жоқ. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда ауыр салмақты көліктердің жүруіне қатаң тыйым салу керек. Сондай-ақ, мемлекетке келтірілген залал үшін жауаптылықты күшейту қажет.