Sailau banner

Денсаулық сақтау

СҚО-да терезеден құлаған 3 бала да аман

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Жылдың 4 мезгілі болса, соның ішіндегі жаймашуақ жаз – балалар үшін ең қауіпті мезгіл. Бұл бәрімізге түсінікті. Ұл-қыздар ала таңнан қас қарайғанша дейін далада асыр салады. Нәтижесінде құлайды, соғылады, қол-аяқтарын мынандай дүниелерге ұрып немесе қысып алады. Айта берсең, аулада, алаңдарда түрлі жағымсыз жайт болады.

АСЫЛХАН ЖАҒЫПАРОВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жазда алатын жарақаттар жылдың басқа мезгіліндегі жарақаттардан ауыр болып келеді. Көбінесе қол-аяқ, иық сүйектері сынады. Бас-ми жарақатын алатындар да бар.

Биыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына осынша бала түрлі жарақатпен түскен. Жаз енді басталғанын ескерсек, көңіл көншітпейтін статистика әлі өзгереді. Нақтылай айтсақ, бірнеше есеге өседі. Бұл – білікті дәрігер Асылхан Жағыпаровтың пікірі.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Ашығын айту керек, өңірімізде кішкентайлардың терезеден құлау жайтты жиілеп кетті. Бауыр еті баласы сүрініп, жерге жығылғанда зәре-құты қашатын ата-ана мұндайда қандай сезімде боларын кім білсін?! Ешкімнің басына бермесін. Әлі келетін бала тұтқаны бұрайды, осылайша ашады. Ал кейбір жағдайда ұл-қыздар ашық тұрған терезеден құлайды.

АСЫЛХАН ЖАҒЫПАРОВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жаз басталғалы 3 бала биіктен құлап, ауруханаға жатқызылды. 4-ші, 5-ші қабаттан құлаған балалар бар. Ыстық күндері әйнек толықтай ашылып тұрады. Ешқандай қорғаныс қойылмайды.

Қуанышымызға орай, төбеден құлаған 3 баланың да көрер жарығы бар. Бүгінгі таңда 2-еуі ауруханадан шыққан. Ал 1-еуі ем алып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, жақында Петропавлдың “Береке” ықшам ауданында 5-ші қабаттың терезесінен жеткіншек құлап кетті. Періштесі қақты. Қазір кішкентай жерлесіміздің жағдайы жақсарып қалған.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазір не көп? Далада әрлі-берлі зулайтын жылжымалы құралдар көп. Велосипед, мопед, самокаттың электр және қарапайым түрі, скейтборд. Толып жатыр. Осыларды да ойдан шығармау керек. Оның үстіне ойын балалары бір-бірін қуалап жүріп немесе доптың артынан жүгіріп, жолға шығып кетулері мүмкін. Егер ойда-жоқта көлік келіп қалса, ауыр соққы алады.

АСЫЛХАН ЖАҒЫПАРОВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жазғы уақытта тіркелген 10 жарақат алудың кем дегенде 4-5 – велосипедтен құлау жайты. Жазғы уақытта ата-аналар балаларына ерекше қарау керек.

Иә, барлығы ата-анаға байланысты. Егер әрбір адам ұл-қыздарына қарайтын болса, қауіпсіздігіне баса мән берсе, түн ұйқыларын 4 бөліп өсіріп жатқан балаларының 12 мүшесі сау болары айдан анық.

 

Байболат Құлтанов