Sailau banner

Экология

Орман шаруашылықтарының мамандары тәжірибе алмасты

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Қайың, қарағай, терек, іздесең тал да табылады. Бұл – солтүстіктегі баға жетпес байлық. Қаладағы қызу қарбаласқа қол сілтеп, табиғатқа шықсаң, жаның жай табады, өкпең ашылып, жұпар ауаға бір тойынып қаласың. Мұның бәрі жасыл желектің арқасы. Қуанышымызға орай, аймақта орман қорын молайту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы еліміздегі барлық аймаққа 4 жылдың ішінде 2 млрд ағаш егуді бұйырған болатын. Соның ішінде 100 млн-ы біздің өңірге тапсырылыпты. Облыста 12 орман шаруашылығы бар. Бүгін Қызылжар ауданындағы Соколовка орман шаруашылығында сала мамандарының қатысуымен семинар өтті.

НАЗАР ҚАПАРОВ, Соколовка орман шаруашылығының директоры, Қызылжар ауданы:

– Бізге 940 гектар жерге ағаш отырғызу тапсырылған болатын. Қазіргі таңда 868 гектар жерде жұмыс атқарылды. Бүгінгі күнде көктемгі көшет отырғызу маусымы аяқталды.

Осы ретте неге Соколов орман шаруашылығы деген сұрақ туындайды. Айта кету керек, бұл төңірек аумақ жағынан да, өсірілген ағаш саны жағынан да барлығынан жоғары тұр. Сол себепті, басқаларға үлгі болатыны анық.

НАЗАР ҚАПАРОВ, Соколовка орман шаруашылығының директоры, Қызылжар ауданы:

– Жалпы ауданымыз – 78 мың гектар. Біздің шаруашылықта 5 уақытша тұқым бағы бар. Ағымдағы жылы 290 гектар жерге 2 млн ағаш егу міндеті қойылған болатын. Оның 150 гектарында тапсырма орындалды.

Аталған мекеме қызметкерлері басқа жерден келген мамандарға өз білгендерін үйретіп, тәжірибелерімен алмасып, осы күнге дейін атқарған істерін көрсетті. Бұндай іс-шара қазіргі таңда ауадай қажет. Орлиногор орман шаруашылығы директорының орынбасары Ерлан Бекмағанбетов жиынның өте пайдалы болғанын айтады.

ЕРЛАН БЕКМАҒАНБЕТОВ: Орлиногор орман шаруашылығы директорының орынбасары, Айыртау ауданы:

– Осы жерден үйренгенімді өзім жұмыс істейтін мекемеде пайдаланатын боламын. Жалпы, бізге 620 гектар аумаққа ағаш егу міндеті қойылған болатын. Жоспар бойынша жұмыс істеп, берілген тапсырманы аяқтауға жақынбыз.

Статистиканы сөйлетсек, облыс бойынша ағымдағы жылы 3500 гектар жерге 22 млн көшет егу жоспарланған. Бұл былтырғы жылға қарағанда 20 пайызға көп.