Балалар

Балалар әуежайға экскурсияға барды

Танымдық экскурсия. Бұл жолы балалар музейге емес, әуежайға барды.
№10 орта мектебінің 20-дан астам оқушысы бір күн өздерін әуе кемесінің жолаушылары ретінде сезінді. Сапарға шыққан адам ұшаққа отырғанға дейін қандай тексерістен өтеді? Қандай ережені ұстануы керек? Бұның бәрін оқушылар өз көзімен көрді.

АНАРА ЗЕЙНІЛ, Қызылжар халықаралық әуежайының диспетчері:

– Біз бұл экскурсия арқылы балаларға өзіміздің жұмысымызды таныстырғымыз келді. Себебі, авиация – өте қызық салалардың бірі. Балалардың сұрақтары көп, оларға барлығы қызықты. Бүгінгі экскурсия да жақсы өтті. Балақайларға барлық ережелерді түсіндірдік.

Қызылжар халықаралық әуежайының тыныс-тіршілігімен танысқан балаларға ұшақтың қонған сәтті ерекше ұнаған екен.

– Маған ұшақтың қонғаны ұнады. Бұған дейін шын өмірде ұшақты көрген емеспін. Өте әдемі екен. Ұшақтардың әуежаймен қалай байланыс орнататын да біліп қайттым.
– Мен ұшақтың қалай жерге қонатынын білдім. Барлығы қызық. Сондай-ақ, чемодандарды ұшаққа қалай тиейтінін өз көзіммен көрдім.
– Ал маған жүктерді тексерістен өткізетін құрылғы ұнады. Жалпы, мен, сонымен қатар, әуежайдың ережесімен де таныстым. Барлығы өте әдемі және қызықты.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылжар халықаралық әуежайы арқылы күн сайын Астанаға және аптасына бес күн Алматыға рейстер бар. Алдағы уақытта Шымкентке рейс ашу жоспарланып отыр. Ұшақ екі қала арасында аптасына екі рет қатынайтын болады. Бұл жұмысты тендерді ұтып алған Scat компаниясы атқарады.