Қоғам

Үкімет басшысы СҚО-ның тәжірибесіне оң баға берді

Елордада кезекті Үкімет отырысы өтті. Алқалы жиында тасқыннан кейінгі жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысы сөз болды. Бұл ретте Премьер-Министр Олжас Бектенов аққайыңдар өлкесінің оң тәжірибесін атап өтіп, батыс өңірлердің әкімдіктеріне қалпына келтіру бағытындағы істің қарқынын арттыруды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала-алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды.

Сондай-ақ, көптеген өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. “Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян тигізбес үшін барлық қапшықтарды алып тастап, кәдеге жарату қажет”, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

Байболат Құлтанов