Sailau banner

Қоғам

Жастар үшін мол мүмкіндік

Мемлекеттік қызмет – жастар үшін жаңа мүмкіндік. Жыл сайын елімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылып, қыз-жігіттерге қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда облыста 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, оның 30 пайызы – 35 жасқа дейінгі адамдар.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметке іріктеу тәртібі жетілдірілуде. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі және келісімшарттық институты енгізілді. Мемлекеттік басқару академиясының филиалдары жанынан басқару ресурсы құрылды.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастар жұмыспен қамтылып, баспаналы болуда. “Диломмен ауылға” бағдарламасы бойынша жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген кредит беріледі. Сондай-ақ, көтерме жәрдемақы төленеді. Соңғы 4 жылда ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылған 60 жас мемлекеттік қызметшіге бюджеттік кредит пен көтерме жәрдемақы берілді.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Манаш Қозыбаев атындағы университеттің 7 түлегі конкурстан тыс жұмысқа тағайындалды, 2 түлектің кандидатурасы келісілуде. Департамент жас мемлекеттік қызметшілер мектебі шеңберінде дарынды жастарды тарту бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл мектеп департамент жанында 2018 жылдан бастап жұмыс істейді.

Өңірдің, республиканың кәсіпорындары ЖОО-мен тығыз байланыста. Студенттер сол жерде өндірістік тәжірибеден өтеді. Тәжірибе аяқталғаннан кейін университет түлектері көбінесе сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Биыл 1400-ден астам ұл-қыз университет бітіреді.

АЗАМАТ ЖИКЕЕВ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:

– Қаланың, облыстың кәсіпорындарымен және мемлекеттік мекемелерімен ынтымақтастық туралы шарттар, студенттердің кәсіптік практикадан өту орындары туралы шарттар жасалды. Өндірушілермен тәжірибе алмасады. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде жұмыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстары ескеріледі.

Жыл сайын М.Қозыбаев атындағы университетке 1500-ге жуық талапкер түседі. Оның жартысынан астамы тегін оқиды.

 

Гульден Симбаева