Sailau banner

Экология

“Таза Қазақстан” акциясы экомәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді – табиғат жанашырлары

Осыдан 2 ай бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел бойынша “Таза Қазақстан” атты экологиялық акциясы басталғаны барлығына мәлім. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар белсене қатысып, айналаны тазартып, гүлдендіруге барынша ат салысты. Негізі, науқан мамырдың 13-ші жұлдызына дейін деп белгіленген еді. Межелі уақыт аяқталғанымен, қоғамды тазартуға шығамыз деген түрлі ұжымдардың қарасы әлі де қалың.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ, бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалалар, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан, жастарға зор үмітпен қараймын.

Аталмыш науқан аясында Солтүстік Қазақстан облысы да біраз тазартылды. Бүгінге дейін 2 мың табиғатқа жанашыр тұрғын сенбілікке шығып, 42 тонна қоқыс шығарылған. Оның жартысына жуығы – шыны, 4 тоннасы – пластик, 2 жарымы – металл және 6 тоннасы – қағаз. Сондай-ақ, акция аясында 150 түп ағаш отырғызылды.

АСХАТ МАПЕНОВ, СҚО экология департаментінің бөлім басшысы:

– “Таза Қазақстан” акциясының басты мақсаты – халықтың назарын қоршаған ортаның ластану проблемасына аудару және қоғамдық экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Экомәдениет тақырыбы аясында қала тұрғындарымен тілдесіп көрдік. Кездескен адамдардың кейбірі ел бойынша бастау алған науқаннан бейхабар болып шықты. Десе де акцияда бой көрсеткен жастар да баршылық екен.

– Мен мұндай науқандар қажет деп санаймын. Маңызы зор. Жастарды тазалыққа әрі еңбекке баулуға болады. Мен өзім акцияға қатыстым. Түрлі сенбілік арқылы қаланы қоқыстан тазартуға ат салыстым.
– “Таза Қазақстан” атты акцияның өткенін теледидардан көріп, біліп жүрміз. Қаланың барлық жері таза деп айта алмаймыз, әрине. Шаһардың орталық жағы ретке келтірілген, ал шет аймақ ондай емес. Қоқыстың үйіліп жатқанын жиі көруге болады.

Табиғат жанашырларының айтуынша “Таза Қазақстан” акциясы тұрғындардың экомәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Ақжүніс Мұқатай