ТКШ

СҚО-да жарық пен жылу қымбаттауы мүмкін

Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысов облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің өтінішін жерде қалдырмады. Бұған дейінгі жиналыстардың бірінде атқамінерге тарифке қатысты сөз қозғалатын жария тыңдауларды қоғам белсенділерінің қатысуымен өткізу ұсынылған еді. Міне, тараптар кездесіп отыр. Мәселе өте өзекті.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– “Петропавл жылу желілері” ЖШС және «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ тарифті өзгертуге қатысты өтінім білдірді. Бірі жылуды беру және таратумен айналысса, екіншісі электр қуатын тек берумен айналысады.

Яғни, өңірде жарық пен жылу қымбаттауы мүмкін. Бұл екеуі жай да елдің аузынан түспейтінін ескерсек, мәселе жіті зерттеуді және жан-жақты пікірді қажет етеді. “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, тараптар халықты да ойлауы керек, қызмет ұсынушы жақты да ескеруі тиіс.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жобаға келсек, электр қуатындағы өзгеріс 19,5 пайызды құрайды. Ал жылуға қатысты өзгеріс – 9,2 пайыз.

Бұл сандар біреуге аз, ал біреуге көп көрінуі мүмкін. Айта кету керек, өңірде биыл бірнеше тариф түрі өзгерді.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Электр энергиясын тасымалдау тарифі жылдың басында өзгерді. Ал жылуға қатысты өзгеріс өткен жылдың шілде айында орын алды. Яғни, қызмет көрсетуші тарап араға 1 жыл салып, өзгеріс енгізуді сұрап отыр.

Бүгінгі қоғамдық кеңес отырысында мәселе шешілмейді. Департамент “өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау” үшін әлі зерттеу жұмысын жүргізеді. Нақты шешім ағымдағы айдың соңында қабылданбақ.

 

Байболат Құлтанов