Спорт

Ғ.Мүсірепов ауданында “Ақ бидай” ойындары өтті

Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим ауылында “Ақ бидай” жазғы спорттық ойындары өтті. Қатысушылар 3 күн бойы 5 сайыс түрінен өзара мықтыны анықтады. Олар: мылтық ату, 100 метр және 3 шақырымға жүгіру, гранатаны лақтыру, жүзу. Қазір құралайды көзге атқан мергендер сынға түсуде. Алпысты алқымдаған Серік Тақымов – үздіктердің бірі. Ел ағасы Ақжарға алтынмен кеткісі келеді.

СЕРІК ТАҚЫМОВ, жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы:

– Алғашқы әскери дайындық сабағында мылтық атуды үйретемін. Менің ойымша, бәрі жақсы өтіп жатыр. Барлығы қатаң бақылауда. Қатысушылардың деңгейі жоғары деп ойлаймын.

“Ақ бидай” судағы үздіктердің де басын қосты. Мұнда жүзсе алдына жан салмайтын нағыз мықтылар 50 метрді еңсерді. Бассейннің ұзындығы – 25 метр. Яғни, қатысушылар арғы шетке жүзіп, керу қайтулары тиіс. Есілдік Арман Ерғалиевтың шеберлігі мен шымырлығы көзге байқалады. Ол көпке созбай міндетін орындады.

АРМАН ЕРҒАЛИЕВ, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Бала кезден айналысамын, Есіл бізге жақын болғандықтан, барып шомылатын едік. Өте жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. 34 секундта бағындырдым.

Жалпы, “Ақ бидай” жазғы спорттық ойындарына 14 аудан қатысты. Бір командада – 10 адамнан. Нәтижесінде Ғ.Мүсірепов ауданы бас жүлдені жеңіп алды, есілдіктер – екінші, ал шалақындық құрама үздік үштікті тұйықтады. Айта кетейік, мұнымен облыстық деңгейдегі жарыс аяқталған жоқ. Алдағы шілде айында спорттың өзге түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылмақ.

 

Мәдина Қаби