МТРА жаңалықтары

“Бастау бизнеспен” кәсіп ашқан келіншек

Юлия Калинко ағаштан бұйым жасаумен айналысады. Бұл өнерге бала кезінен қызығыпты. Қызығушылығының қыр-сырын ғаламтордың көмегімен жетілдіріп, мемлекеттік бағдарламаның көмегімен бизнеске айналдырып отыр. Кәсібіне береке берген жоба – «Бастау бизнес». Өткен жылы 1 млн 380 мың теңге алып, Алматыдан лазерлік станок алдыртқан.

Шебер келіншек ағаштан тұрмыста қолданатын бұйымдар жасайды. Ол: ыдыс-аяқ, ұсақ дүние салатын қораптар, үйге көрік беретін түрлі туындылар. Қазір өніміне деген сұраныс көп. Табысы да көңілден шығады.

ЮЛИЯ КАЛИНКО, кәсіпкер, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұндай бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Түсіп жатқан тапсырыс аз емес. Арнайы парақшам бар. Күн сайын 5-6 тапсырыстан жіберемін. Пошта қызметін пайдаланамын. Қазақстанның түкпір-түкпіріне ғана емес, шетелге де жібере аламын. Мәселен, бір қолеңбегімнің құны кемі мың жарым теңге тұрады. Нан салғыштар көлеміне қарай 3-4 мыңның маңайында.

Юлия кәсібін кең цехта емес, аядай ғана бөлмеде дөңгелетіп отыр. Жұмыс компьютер арқылы басқарылады. Әуелі сызбасы жасалады, сосын лазерьмен 10-15 минуттың ішінде бұйым бетіне түсіріледі.

Кәсіпкер келіншек шикізатты облыс орталығынан алдыртады. Келешекте кең жер алғысы келеді. Тапсырыстың бәрін бір өзі әзірлейді. Бұл өнерге балаларын да баулығысы келеді.

ЮЛИЯ КАЛИНКО, кәсіпкер, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Осы іспен айналыса бастағанда өмірден өз орнымды тапқанымды түсіндім. Әр тапсырысты махаббатпен орындаймын, өйткені, бұл кәсіп – жанның қалауы. Оның үстіне шығармашылық жұмыс табыс әкеліп жатса, нұр үстіне нұр.

Ғ.Мүсірепов ауданында Юлия сияқты ісмер азаматтар баршылық. Былтыр “Бастау бизнес” арқылы 30-ға жуық адам грант алған.

НҰРЛАН ТЕМІРҒАЛИЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданы Мансап орталығының директоры:

– Ғ.Мүсірепов ауданында 2023 жылы “Бастау бизнес” жобасы арқылы 26 адам грант алды. Оның 11-і Новоишим ауылының тұрғындары болса, қалғаны – өзге елді мекендердің азаматтары. Жалпы, барлығына жиынтық көлемі – 30 млн теңге берілді.

Грантқа ие болған іскер жандардың дені ауыл шаруашылығымен және сәндік-қолданбалы өнермен айналысады.

 

Мәдина Қаби