Қоғам

Вице-премьер бағаны тұрақтандыру бойынша ӘКК жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды

Маусым айының бірінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі 0,1%-ға төмендеді. Өңірлердегі баға көрсеткіші вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сауда комитетінің мәліметі бойынша, бір апта ішінде тауар мен көкөністің 10 түрінің бағасы арзандаған, ал картоптың бағасы 4,4%-ға көтерілген. Аталған өнімнің қымбаттауы Астана, Алматыда, Ұлытау, Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген.
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков атап өткендей, егістіктен алынған жаңа өнімнің бағасы қазір тұрақсыз және күн сайын өзгеріп отырады. Дегенмен әкімдіктердің ерте шығатын өнімге форвардтық келісімшарттарды уақытылы жасасуы баға ауытқуларын реттей алады. Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер әкімдіктерге бағаны тұрақтандыру мәселелері бойынша ӘКК жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Атап айтқанда, 2025 жылдың маусымаралық кезеңінде қазақстандықтарды тұрақты бағадағы көкөніспен қамтамасыз ету үшін 2024 жылғы 1 тамызға дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен өнім сатып алуды қаржыландыру қажет.