Қоғам

Сөндірілмеген темекі өлімге әкеп соқты

Өрт тағы бір теріскейліктің өмірін қиды. Маусымның 8-і күні Ғ. Мүсірепов ауданына қарасты Андреевка ауылында баспана өртенді. Оқыс оқиға салдарынан үй иесі қаза тапты. Тілсіз жаудың бас көтеруіне басты себебі – темекі тұқылының сөндірілмеуі.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығы:

– Өрттің кесірінен 56 жастағы әйел қаза тапты. Жалынның жалпы ауданы 104 шаршы метрді құрайды. Үй толықтай жанып кетті. Қазіргі таңда әр аймақта түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. 56 мобильдік топ құрып, 600-ге жуық іс-шара өткіздік.

Өңірімізде биыл 189 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан бақандай 16 адамның баға жетпес өмірі үзіліпті. Назар аударарлық тағы бір мәселе – өзен-көлдерде шомылу. Облыста кезекті маусым ресми түрде басталды. Алайда, ауа райы қуантпай тұр. Төтеншеліктер осыны пайдаланып, алдын алу шараларын көптеп өткізуде. Халықпен кездеседі, өздері де жаттығады.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД аға офицері:

– Биыл суға бату оқиғасы тіркелмеді. Жүргізген түсіндірме жұмыстарымыз 50 000 адамды қамтыды. 150 000 материал қағаз түрінде таратылды.

Жалпы, облыс бойынша 2 мыңнан аса өзен мен көл бар. Оның 60-сында ғана шомылуға болады.