Спорт

Облыстық жазғы ат спортының кезекті маусымы ашылды

Жорға жарыс, қыз қуу, құнан және аламан бәйге. Өткен сенбі күні Бескөл ауылының “Құлагер” ипподромында ат спорты жарыстарының салтанатты ашылуы өтті. Дәстүрлі шараның басталуымен жиналған халықты облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, облыс әкімінің орынбасары:

– Құрметті спорт мерекесіне қатысушылар және қонақтар! Бүгін Қызылжар жерінде Солтүстік Қазақстан облысының кубогы шеңберінде ат спорты жарыстары өз бастауын алады. Осы мерекемен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер.

Бұл күні “Құлагер” ипподромына өңіріміздің барлық ауданымен қатар, Ақмола облысы және Астана қаласынан да шабандоздар келді. Барлығы – 40-тан астам сәйгүлік үшін 6 түрлі сайыс ұйымдастырылған. Жарыс ережесі барлығына түсінікті “Қыз қуудан” басталды.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бүгін жарысқа облысымыздың барлық ауданынан қатысушылар келіп отыр. Айта кету керек, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін сыйлықтың жалпы сомасы 25 млн теңгені құрайды. Өңірімізде ат жарысынан түрлі деңгейдегі сайыстар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бәйгеде мықты деп танылған шабандоздар республикалық кезеңде облысымыздың намысын қорғайды. Негізі, өңірімізде ат спортына жақсы көңіл бөлініп жатыр. Спортшыларымыздың көрсетіп жатқан нәтижелері жақсы.

Бәсі биік дода әрі қарай ат өнерінің әдемі түрі – жорға жарыспен жалғасты. Сәгүліктерін сайлап келген 6 шабандоз бір-біріне дес бермей, 7 мың метр шақырымда жарысты.

Бұл сайыста қарсыластарын шаң қаптырып, алғаш болып келу аққайыңдық Евгений Чибисовке бұйырыпты. Шабандоз берілген шақырымды 10 минут 57 секундта еңсерді.

ЕВГЕНИЙ ЧИБИСОВ, шабандоз, Аққайың ауданы:

– Менің спортта жүргеніме 25 жыл болды. Спорт шеберімін. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігім өте көп. Сайысқа қатысып жатқан атым – Аквамарин. Ресейден 2 ай бұрын ғана алып келдік. Бүгін алғаш рет қатысып, бірден жеңімпаз атанып отырмыз.

Жігерлі жігіттермен иық тірестіріп Тайынша ауданының атынан Әлия Асқарова да топқа түсті. 17 жастағы жасөспірім атқа алғаш рет 11 жасында отырыпты. Содан бері талай бәйгеге қатысып жүрген бұрымды бұл жолы 3-ші орынды қанжығалады.

ӘЛИЯ АСҚАРОВА, шабандоз, Тайынша ауданы:

– Бұл спорт түрімен 6 жылдан бері айналысып келемін. Атқа міну, оны үйрету әжептәуір қиын, бірақ өзіме ұнайды. Өткен жылы жорға жарысында бірінші орынға ие болған едім. Биыл 3-ші орын алып отырмын. Нәтижесінде медаль және 145 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталдым.

Кейін шара аламан бәйгеге ұласып, жарыс жолына арбалы тұлпар тізгіндеген шабандоздар шықты.

 

Ақжүніс Мұқатай