Қоғам

Новоишим ауылында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға үй берілді

«Соңына дейін үй алатындығымызға сенбедік» дейді баспанаға ие болған отбасы. Ерлі-зайыпты Кузнецовтар жақында ғана Новоишим ауылының қақ ортасынан 3 бөлмелі үйге ие болды. Бөлмелері кең, жарық, ішінде бәрі бар, бірнеше жыл бұрын ғана толықтай жөндеу көрген.

Бұл отбасы Есілге жақын орналасқан Набережная көшесінде бақандай 65 жыл бойы тұрған. Тасқыннан кейін қызының қолында болған.

ЛЮБОВЬ КУЗНЕЦОВА, Новоишим ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біз пәтерді әдейі көпқабатты үйден алдық. Себебі, жер үйде тұру бізге қиындау. Пеш жағу қажет, даланың жұмыстары бар деген сияқты. Ал мына жерде ешқандай қиындық жоқ. Екінші қабат, жанымызда бәрі бар: аурухана, дүкен, халыққа қызмет көрсету орталығы да тиіп тұр.

Ерлі-зайыптыларға бұрынғы үйлері ата-аналарынан мұра болып қалған екен. Баспана ескі, 65 жыл бұрын саманнан салыныпты. Тасқын салдарынан тұруға жарамсыз боп танылған.

АНАТОЛИЙ КУЗНЕЦОВ, Новоишим ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл үйімізді, әрине, қимаймыз, бірақ кетуге тура келді. Бізге жаңа үйді бермесе, оны сатып ала алмас та едік. Әкімдікке, Президентімізге көптен-көп рахмет. Алғыстан басқа айтар сөзім жоқ.

Жалпы, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишим ауылында осы көктемде 9 үйді су басқан. 7 үйдің иесіне басқа баспана берілді. Біреуі көшуден бас тартып, үйін жөндеп алса, 9-шысына жаңа үй жуырда табыс етіледі.

 

Мәдина Қаби