Sailau banner

Қоғам

Комиссия мүшелері Большая Малышка ауылына барды

Демалыс күндері су тасқынының айтарлықтай залалы тиген Большая Малышка ауылына апат келтірген шығынды бағалау бойынша комиссия мүшелері барды. Олар елді мекендегі білім ұясына зардап шеккен тұрғындарды жинады. Жергілікті халық аудан орталығына шығып әуреленбей, мамандардың көмегімен тиісті құжаттарды толтыруға мүмкіндік алды.

ҚУАНДЫҚ ШӘКУБАЕВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Ауылдағы мектепке тұрғындар тізім бойынша жиналды. Халыққа аудан орталықтарына бармай-ақ, белгіленген ережелерге сәйкес барлық қызметтерді алуына қолайлы жағдай жасау тұрғысында осындай сапар ұйымдастырылды. Шығынды қор төлейді. Қазір тізімдер жасақталуда. Комиссия жұмысы барлық ауыл тұрғындарын қамтитын болады.

Комиссия мүшелері тұрғындарды кезекпен қабылдады. Көмекке жүгінгендердің арасында Күлжан Мұхаметжанова да бар. 12 жасар немересімен тұратын кейуананың үйі бағаланып, ақырындап қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

КҮЛЖАН МҰХАМЕТЖАНОВА, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Өте ризамын. Комиссия ауылға келіп, құжаттарды реттеп, қолымызды қойдыртып жатыр. Үйге мехбригаданы шақырттым. Олар қазір су кірген үйдің едендерін алып, құрғағанын тосуда. Кепкеннен кейін барлығын істеп береді. Көп рахмет.

Мамандарың назарынан Долматово және Барневка ауылдарының тұрғындары да шет қалмады. Жалпы, Березовский ауылдық округінде тасқын кезінде 300-ге жуық үйді су басқан болатын.

 

Ақжүніс Мұқатай